Қазақстанда Каспий итбалықтарының популяциясын сақтауға табиғи резерват пайда болады

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Табиғи резерват екі облыста құрылады / Фото: shutterstock, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Каспий итбалығы популяциясын сақтауға арналған табиғи резерват Маңғыстау және Атырау облыстарының аумағында құрылады. Мемлекеттік резерват Каспий теңізінің акваториясында болады, оның ауданы 110 мың гектарға жуық.

Ауыл шаруашылығы министрлігі «Каспий итбалықтарының популяциясын сақтау үшін мемлекеттік табиғи резерват құру туралы» ҚР Үкіметі қаулысының жобасын ұсынды. Құжат «Ашық НҚА» жүйесінде 5 маусымға дейін талқылауда болады.

«Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитеті Каспий итбалықтарының популяциясын сақтау үшін Каспий теңізінің акваториясында, Қазақстанның Маңғыстау және Атырау облыстарының аумағында мемлекеттік табиғи резерват құруды жоспарлады», – делінген жобада.

Резерваттың ауданы 109 558 гектар, оның ішінде қорғау аймағы — 69 839 гектар. Ауыл шаруашылығы министрлігі 2020 жылдың 9 қарашасынан бастап Каспий итбалығы өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерінің тізіміне енгізілгенін еске салды.

«Олардың биологиялық ерекшелігі тіршілік ету ортасының маусым сайын өзгеріп отырады. Бұл ретте Каспий итбалықтарының көбеюі үшін Солтүстік Каспийдің қазақстандық және ресейлік секторларында ғана қалыптасатын мұз қажет екенін атап өткен жөн. Каспий теңізінің қазақстандық бөлігі осы түрді сақтауда маңызды рөл атқарады», – деп атап өтті жобаны әзірлеушілер.

Еске салсақ, 10 сәуір күні Каспий теңізінің жағалауынан 78 өлі итбалық табылған еді. Бұл Маңғыстау облысы бойынша балық инспекциясы басқармасының қызметкерлері Түпқараған ауданында мониторинг жүргізгенде белгілі болды. Одан бөлек 8 сәуір күні инспекция қызметкерлері 25 өлі итбалық өлексесін тапқан. 

2023 жылы да Түпқараған ауданы Баутино ауылы маңында өлі итбалықтар табылған болатын. 

Сондай-ақ оқыңыз