Қай ел туризмнен ең көп табыс тапты?
Біріккен Ұлттар Ұйымының Дүниежүзілік туристік ұйымы (БҰҰ туризмі) деректеріне сәйкес, 2024 жылдың бірінші тоқсанында халықаралық туризм 2019 жылғы деңгейдің 97%-ына жетті. Таяу Шығыста саяхатшылар саны айтарлықтай өссе, ал Африка мен Еуропада пандемияға дейінгі деңгейден асып түскен.
«2024 жылдың алғашқы үш айында шамамен 285 млн турист халықаралық саяхат жасады. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 20%-ға көп. Бұл нәтижелер тұрақты сұраныстың, азиялық нарықтардың ашылуының, сондай-ақ әуе қатынасының артуы мен визаны жеңілдетудің арқасында қолдау тапты», – деп жазылған хабарламада.
Ал халықаралық туризмнен түскен кіріс 2023 жылы 1,5 трлн долларға жетті. Бұл 2019 жылғы пандемияға дейінгі деңгейдің 97%-ын құрайды.
Ұйым дерегінше, халықаралық туризмнен ең көп табысты Еуропа елдері тапқан. Көрсеткіш 660 млрд долларды құрады. Бұл 2019 жылғы пандемияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда 7%-ға көп. Таяу Шығыстағы кірістер 33%-ға өсті. Өткен жылы Американың да пандемияға дейінгі кіріс 96%, Африканың – 95%, Азия-Тынық мұхиты аймағы кірісі – 78% қалпына келген.
2023 жылы туризм бойынша ЖІӨ 2019 жылғы деңгейге жетіп, қалпына келді. Ол 3,3 трлн долларды немесе әлемдік ЖІӨ-нің 3% құрайды деп бағаланды.
2024 жылдың бірінші тоқсанында 2019 жылмен салыстырғанда бірнеше ел халықаралық туризмнен түскен табыс бойынша жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Оның ішінде Сербия (+ 127%), Түркия (+ 82%), Пәкістан (+ 72%), Танзания (+ 62%), Португалия (+ 61%), Румыния (+ 57%), Жапония (+ 53%) бар. Сонымен қатар Моңғолия (+ 50%), Маврикий (+ 46%) және Марокконы (+ 44%) атап өтуге болады.
Еске сала кетсек, қазақстандықтардың шетелге саяхаттау шығындары бір жылда 45% өскен. Ел халқы 2023 жылы шетелге саяхаттауға 326 млрд теңге жұмсаған. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 45% артық.