Бишімбаевтар әулетінің активтері тексеріле ме – Қаржы мониторингі агенттігі жауап берді
Бишімбаевтар әулеті активтерінің заңдылығы тексерілуі мүмкін. Бұл жайлы Мәжілістен кейін өткен брифингте ҚМА төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов айтты.
Журналистер Нүкеновтер отбасының Бишімбаевтар әулетінің активтерін тексеруді сұрап, петиция жариялағанын айтты. Осы орайда БАҚ өкілдері Бишімбаевтардың активтерінің пайда болу заңдылығы тексерілу мүмкіндігін сұрады.
«Осыған қатысты агенттік зерттеу жүргізе ме?», – деді журналист.
Қаржы мониторингі агентігінің өкілі Бишімбаев ісі Ішкі істер министрлігінің құзыретінде екенін, оның агенттікке еш қатысы жоқтығын айтты.
Десе де, журналист: «Біз мұнда Бишімбаев ісі туралы емес, оның активтері туралы айтып отырмыз», – деп нақтылады.
«Бізде қазіргі уақытта ондай іс қаралып жатқан жоқ. Біз негізінен қылмыстық жолмен табылған кірістерге тексеріс жүргізіп отырамыз. Егер қандай да бір қылмыстық жолмен заңсыз алынған табыс көздері анықталса, оларды қылмыстық жауапкершілікке тартамыз. Ал петицияға келсек, оның нәтижесін күтейік, бұл мәселені сол кезде қарастыратын боламыз. Ол жайында міндетті түрде хабарлаймыз», – деді Елемесов.
Бишімбаев ісі
Еске сала кетсек, 13 мамырда өзінің азаматтық некедегі әйелін өлтірді деген күдікпен ұсталып, сот ісі ашық жүргізілген бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты сот үкімі шықты.
Сот үкіміне сәйкес, экс-министр Бишімбаев Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі 1-тармағы (қинау) бойынша кінәлі деп танылды. Бұл бап бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Ол сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы (аса қатыгездікпен адам өлтіру) бойынша кінәлі деп танылды. Бұл бап бойынша 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Осылайша, сот үкімімен Бишімбаев түпкілікті 24 жылға бас бостандығынан айырылды. Бишімбаев жасаған қылмыс қауіпті қылмыстың қайталануы деп танылды.
Үкімге сәйкес, ол қауіпсіздігі қатаң деңгейдегі қылмыстық-түзету мекемеде жазасын өтеуі тиіс. Бишімбаевтың 2023 жылы 9 қарашадан бері тергеу изоляторында қамауда отырған әр күні 1 күн болып есептеледі. Яғни оның жалпы жазасын өтеу мерзімі 23 жыл 6 айға созылады.
Бишімбаевтың туысы, Байжанов Бақытжан Әмірханұлы аса қауіпті қылмысты жасырғаны үшін Қылмыстық кодекстің 432-бабында қарастырылған айыпқа сәйкес, кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығын айыру туралы сот үкімі шықты. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде өтейтін болады. Оның қамауға алынған 11 қарашадан бастап тергеу изоляторында өткізген әр күні 1,5 күн болып есептеледі.
Сонымен қатар Бишімбаевтан сот экспертизасының шығындары үшін мемлекетке 2 млн теңге өндіріп алу да қарастырылған.
Сот үкімі шыққан соң мемлекеттік айыптаушы Айжан Аймағанова мен Саяхат Нұрбеков сотталушы Қуандық Бишімбаевты не себепті өмір бойына соттауды сұрамағанын түсіндірді.
Айжан Аймағанова айыптау тарапы Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінде көрсетілген ең ауыр жаза – 20 жылға соттауды сұрағанын айтты. Ал Қылмыстық кодекстің 110-бабы бойынша ең ауыр жаза – 7 жыл. Прокурорлар Бишімбаевты осы мерзімге соттауды сұраған. Алқабилер мен судья екі бап бойынша ең ауыр жазаны ішінара қосу арқылы үкім шығарған.