Қытайлық CNPC еншілес кәсіпорны Қаламқас кен орнында жүздеген ұңғыма бұрғылауды жоспарлап отыр

Жарияланды (жаңартылды )
Маңғыстаумұнайгаз
Фото: «Маңғыстаумұнайгаз», бильд-редактор: Денис Андреев

Қытайлық CNPC еншілес кәсіпорны «Маңғыстаумұнайгаз» Маңғыстау облысында көбірек мұнай өндіру үшін жүздеген ұңғыманы бұрғылайды. Бұл жайлы Бірыңғай экологиялық порталда жарияланған құжатта жазылған.

Нақтырақ айтқанда, 2024 жылғы «Қаламқас кен орнын игеру жобасында» 392 ұңғыманы бұрғылау жоспарланған. Оның ішінде 343 өндіруші ұңғыма және 49 сорып алу ұңғымасы бұрғыланады. Құжатқа сәйкес ұңғыманы бұрғылау жұмыстары 2024 жылы басталып, 2035 жылы аяқталады. Сонымен бірге компания 16 айдау ұңғымасы бар 6 учаскеде мұнай беруді арттыру үшін химиялық әдістерді қолдануды жоспарлап отыр.

«Қаламқас кен орнын игеру жобасы» жүзеге асырылатын бұл шаралар өндіріс көрсеткіштерінің төмендеуі жағдайында тиімділікті талдау және ұтымды нұсқаны таңдауға мүмкіндік бермек.

Бұл өңірде мұнай өндірісін жүзеге асыру жоспары нұсқада қарастырылған. Бірінші нұсқада өңірде ұңғыма бұрғылау кезеңі 15 жылды құраған. Бұл аралықта өндіруші мұнай ұңғымаларының қоры – 2314 бірлікке, айдау ұңғымаларының қоры – 774 бірлікке жетуі керек болған. Рентабельді кезеңде мұнай өндірісі 202 579,9 мың тоннаны құрайды деп жоспарланған.

Екінші нұсқа бойынша рентабельді мерзім 38 жылды (2024-2061) құраған. Бұл аралықта өндіруші мұнай ұңғымаларының қоры – 2370 бірлікке, ал айдау ұңғымаларының қоры – 782 бірлікке жеткізу көзделген. Бұл аралықта 230 735,4 мың тонна мұнай өндіру жоспарланған.

Үшінші нұсқа бойынша рентабельді кезең 38 жылды құраған. Бұл аралықта өндіруші мұнай ұңғымаларының қоры – 2388 бірлікке, айдау ұңғымаларының қоры – 781 бірлікке жетеді деп күтіледі. Ал өндірілетін мұнай көлемі 232641,8 мың тоннаны құрайды.

Құжатта 3 нұсқа таңдалғаны айтылған.

«Кен орнында ұңғымаларды бұрғылау тереңдігі шамамен 900 метрге жетеді деп күтілуде. Бір ұңғыманың құрылыс мерзімі 25 күнді құрайды. Сынақ кезінде газ жағылмайды»,– делінген құжатта.

«Қаламқас» кен орны 1976 жылы қыркүйекте ашылған. Қаламқас мұнай кен орны Маңғыстау облысының Маңғыстау ауданының аумағында орналасқан. Кен орны Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласы 280 км қашықтықта орналасқан.

Сондай-ақ оқыңыз