Норвегия Палестинаны тәуелсіз мемлекет ретінде ресми түрде мойындайтынын мәлімдеді. Бұл жайлы осы елдің Үкіметі хабарлады.
«Ел үкіметі Норвегияның Палестинаны тәуелсіз мемлекет ретінде тануы керек деп шешті. Он мыңдаған адам қаза тауып, жараланған соғыстан кейін біз израильдіктердің де, палестиналықтардың да бейбітшілік пен қауіпсіздікте қатар өмір сүруі үшін жалғыз балама жол екі мемлекеттің құрылуын жөн деп санаймыз»,– деп мәлімдеген премьер-министр Йонас Гар Сторе.
Ол Палестина халқының тәуелсіз ел болуға құқығы бар екенін айтқан. Сторе израильдіктер де, палестиналықтар да өз мемлекеттерінде бейбіт өмір сүруге құқылы деп санайды. Екі мемлекет құрылмай Таяу Шығыста бейбітшілік орнамайтынын айтқан ол Палестина мемлекеті – Таяу Шығыстағы бейбітшілікке қол жеткізудің негізгі алғышарты екені атап өткен.
Норвегия Палестинаны мойындаған Еуроодақтың оныншы мүшесі. 1988 жылы Палестинаны Болгария, Кипр, Чехия, Венгрия, Мальта, Польша, Румыния және Словакия, ал 2014 жылы Швеция елдері ресми түрде тәуелсіз ел ретінде мойындаған.
Ал Словения маусым айының ортасына дейін Палестинаның мемлекеттігін мойындау жоспарын жариялайтынын мәлімдеді. Жалпы алғанда, Палестинаны БҰҰ-ға мүше 193 елдің 143-і, соның ішінде Ресей де тәуелсіз мемлекет ретінде таныған. Қазақстан да екі мемлекет құру жолымен Палестина мәселесін шешуді, сондай-ақ 1967 жылғы соғысқа дейінгі шекараларда тәуелсіз Палестина мемлекетін құруды қолдайды.
Сонымен бірге Палестинаның тәуелсіздігін реми мойындаған елдер қатарында Ирландия мен Испания да бар. Еуроодақтың үш елінің бірдей Палестинаның тәуелсіздігін мойындағаны жарияланған соң Израиль сыртқы істер министрі Исраэль Катц X әлеуметтік желісінде Ирландия мен Норвегиядағы елшілерді консультациялар үшін шақыртып алатынын мәлімдеген. Ол Дублин мен Ослоны үлгі тұтатындарға қатысты осындай шаралар қолданылатынын жеткізген.
Катц Палестинаның тәуелсіздігін мойындауды – ХАМАС қозғалысы мен Иранға марапат беру деп бағалаған.
«Бұл мемлекеттердің әрекеті 7 қазан [2023] құрбандарын қорлау және 128 кепілге алынған израильдіктерді қайтару әрекетіне жасалған соққы»,– деп мәлімдеген елдің Сыртқы істер министрлігі.
Еске сала кетсек, еліміздің Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның Израиль-Палестина қақтығысын шешуге қатысты ұстанымы өзгермейтінін мәлімдеді.
Айта кетейік, өңірлегі шиеленіс, 2023 жылдың 7 қазанында басталды. Газа аумағында билік құрып келе жатқан «Хамас» ұйымы Израильге шабуыл жасады. Кейіннен Израиль әскерилері «Хамас» ұйымының шабуылына жауап ретінде арнайы операция бастады.
2023 жылдың қарашасында БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш Газадағы жағдайды «адамгершілік қағидаларының дағдарысы» деп бағалады. Қарулы қақтығыстың жалғасуы жазықсыз адамдардың өмірін жалмап жатқанын мәлімдеді.