Жаңалықтар

Қамшыбек Көлбаевтың сыбайластары Қырғызстан билігін күшпен басып алуға үгіттейтін бейнежазба әзірлеген

Қамшыбек Көлбаев
Қамшыбек Көлбаев қылмыстық топ жетекшісі болған / Фото: kursiv.media

Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті қылмыстық топ серкесі Қамшыбек Асанбектің (Көлбаев) сыбайластары деструктивті саяси мақсаттағы арандатушылық бейнеролик дайындағаны туралы мәлімдеді. Баспасөз қызметінің хабарлауынша, видеоролик билікті күшпен басып алуға шақырады.

«Бұл бейнеролик елдегі жағдайды өңіраралық негізде тұрақсыздандыру, артынан билікті күшпен басып алу әрекеті үшін жасалған»,– делінген комитет хабарламасында.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл бейнежазбаны ұйымдастыруға және дайындауға қатысы бар барлық тұлға анықталған. Қазіргі уақытта олардың заңсыз әрекеті бойынше тергеп-тексеру шаралары жүріп жатыр.

Елдің Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті нәсілдік, этникалық, ұлттық, діни немесе аймақаралық араздықты қоздыруға (өшпенділікке) бағытталған әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгенін хабарлайды. Сонымен бірге мұндай заңбұзушылықтар үшін 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылатынын ескертеді.

Еске сала кетсек, 4 қыркүйек күні Қырғызстанда арнайы операция кезінде қылмыстық топ жетекшісі Қамшыбек Көлбаевтың қайтыс болған туралы ақпарат тарады.

Қамшыбек Көлбаев кім?

Көлбаев 1974 жылы Ыстықкөл облысының Чолпон-Ата қаласында дүниеге келген.

2000 жылы өзінің бұрынғы бастығын өлтіруге оқталғаны және екі адамды өлтіргені үшін 25 жылға бас бостандығынан айырылған. Алты жыл жазасын өтеп, кейін түрмеден қашып кеткен.

Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, ол кейінірек Мәскеуде жүріп қылмыс әлемінің серкесі атанған.

Көлбаев Қазақстан аумағында да трансұлттық қылмыстық ұйым құрды деген күдікке ілінген. Бірақ қылмыстық мерзімі ескіргендіктен, жауапқа тартылмаған.

Ол 2020 жылдың 21 қазанында Бішкекте ұсталды. Оған Қырғыз Республикасы Қылмыстық кодексінің «Қылмыстық ұйым құру немесе оған қатысу» бабы бойынша күдікті ретінде хабарлама берілген. Кейінірек Бішкек қалалық сотының шешімімен криминалдық басшы өз арызымен босап шығады.

Ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі ретінде Қырғыз Республикасының Ішкі істер министрлігінде тіркеуде тұрған. 2012 жылы Америка Құрама Штаттары оны бұрынғы КСРО елдерінен шыққан 10 қылмыс әлемінің серкесінің аты-жөнімен бірге, ірі наркобарондардың бірі ретінде «қара тізімге» енгізген.

2021 жылдың наурыз айында АҚШ Мемлекеттік департаменті оны ұстауға көмектесетін қандай да бір ақпарат үшін 5 млн доллар көлемінде сыйақы тағайындаған.  

Қамшыбек Асанбек өлгеннен кейін тұтқындау легі басталды. Арасында спортшылар, түрлі компания иелері мен басқарушылары, парламенттің бұрынғы депутаты бар 40-тан астам адам ұсталды. Органдар олардың қылмысқа қатысы бар деп күдіктенеді. 

Қылмыс әлемінің серкесі Қамшы Көлбаевпен және кеден бастығының бұрынғы орынбасары Райым Матраимовпен байланысы бар деген күдікпен мемлекеттік органдардың 180-нен аса қызметкері жұмыстан босаған.