Жаңалықтар

«100 мың теңгеден басталады»: Елімізде сәби саудасы бойынша тағы үш қылмыстық іс тіркелді

ІІМ сәбилердің қандай бағаға сатылғанын айтты / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов 

Елімізде жыл басталғалы жаңа туған сәбиді сату бойынша үш қылмыстық іс тіркелді. Олар 100 мың мен 2 миллион теңге арасында бағалап, сатпақ болған. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев мәлім етті. 

Министр орынбасарының айтуынша, өткен жылы елімізде адам сатудың 19 дерегі тіркелген.

Қылмыстық істердің басым көпшілігі тергелді. Сәбиді сату дерегі бойынша 16-17 адам  қылмыстық жауапкершілікке тартылды,- деді Марат Қожаев мәжіліс кулуарында.

Марат Қожаев сәбилерді саудалау деректерінің барлығы елімізде жасалғанын айтады.

«Биыл елімізде нәрестелер саудасы бойынша үш факті тіркелді. Балалардың құны 100 мың теңгеден 2 млн теңгеге дейін бағаланған»,- деді ол.

Марат Қожаев адам саудасына қатысты басқа да фактілерді  атап өтті.

«Былтыр адам сату санатына қатысты қылмыстардың статистикасын қарасақ, 93 қылмыстық іс тіркелді. Оның ішінде 67-сі жеңгетайлық, жыныстық қанау, притондарды ұйымдастырумен байланысты. Арасында адам сату фактілері бар. Қазіргі таңда бұл істер тергеліп жатыр», – деді ІІМ өкілі.

Спикердің сөзінше, қыз балаларды шет мемлекеттерде жыныстық қанауға мәжбүрлегендер де болған.

«Ондай да фактілер анықталып жатыр. Өткен жылы осындай қылмыс жасаған 17 адамды жауапқа тарттық. Бахрейн деген елге біздің жас қыздарды апарып, жыныстық қанауға салған», – деді Марат Қожаев.

Мәжіліс адам саудасы туралы заң жобасын қабылдады

Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасындағы адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы мен оған ілеспе түзетулерді екінші оқылымда қабылдады.

Мақұлданған заңда көрсетілгендей енді интернет арқылы сексуалдық қызметтерді ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі. Бұдан бөлек медициналық ұйымдардың лауазымды тұлғалары жаңа туған нәрестені тастап кету фактісін хабарламаса, олар да әкімшілік жауапкершілікпен жазаланады

Негізгі заңға жаңа ұғымдар енгізіліп, кейбір анықтама халықаралық стандарттарға сәйкестендірілді. Ілеспе түзетулерде Қылмыстық кодекске жаңа санат – адам саудасымен байланысты қылмыстар енгізіледі. «Адамды қанау» түсінігі мәжбүрлеу әдістерін кеңейту тұрғысынан халықаралық стандарттарға сәйкестендіріледі. Сонымен қатар жаңа заңда адам саудасына байланысты қылмыстарға қатысушылардың татуласу мүмкіндігі алынып тасталады.

Депутаттар вандализм жасау, ғимараттарды, жалпы пайдалану орындарын қорлау және бөтеннің мүлкін жою үшін жазаны қатаңдатуға бағытталған түзетулер де енгізді. 

«Мәселен, «Вандализм» 294-бабы бойынша жаза қатаңдады. Енді ол 100 АЕК-тен 200 АЕК-ке дейін айыппұлмен не сол мөлшерде түзеу жұмыстарымен, не 160 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартумен, не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алынумен жазаланады. Жалпыға ортақ пайдаланылатын орындарды, саябақтарды ластағаны үшін айыппұл 2 есеге 10 АЕК-ке өсті, ал әрекет қайталанған кезде – 20 АЕК», – деді құжатты таныстырған Мәжіліс депутаты Марат Башимов.

Марат Башимов аталған заң жобасының қылмыстық құқық бұзушылықтарды неғұрлым тиімді анықтауға ықпал ететіндігін айтты.