Жаңалықтар

Pfizer шығынды азайтатын жаңа бағдарламаны іске қосты

Pfizer 2027 жылдың соңына қарай шығынын 1,5 млрд долларға дейін азайтуды жоспарлап отыр / Фото: Reuters/Johanna Geron

Pfizer фармацевтикалық компаниясы шығынды азайтатын көп жылдық бағдарламаны іске қосқанын мәлімдеді. Бұл бағдарлама бірінші кезеңде, 2027 жылға дейін 1,5 млрд долларды үнемдейді. Бірақ бағдарламаны іске қосуға 1,7 млрд доллар көлемінде бір реттік шығын қажет дейді CNBC. Осы жаңалықтан соң сәрсенбі, 22 мамырда сауда барысында компанияның акциялары 3,6%-ға қымбаттады. 

Толығырақ

Бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссияға (SEC) берген хабарламада компания шығынды азайтатын көп жылдық бағдарламасын бастағанын мәлімдеді. Бағдарламаның бірінші кезеңі 2027 жылдың соңына дейін есептелген. Осы мерзім ішінде компания 1,5 млрд доллар үнемдеуді көздеп отыр. Шығынды қысқартудың бастапқы кезеңіне байланысты біржолғы шығын, шамамен, 1,7 млрд доллар көлемінде. Бұл шығын ішінде жұмыстан шығарылатын қызметкерлерге берілетін жәрдемақы да бар. Компания осы шығынның көп бөлігі биыл-ақ есепке алынады деп күтеді.
Комиссияға жіберілген хабарламада бағдарлама «желі құрылымын өзгерту» мен «өнім портфелін жақсартуды» қамтиды делінген.

«Өндіріс күрделі болғандықтан және өзгеріс енегізуге көп уақыт кететіндіктен, бағдарлама көп сатылы болады» делінген құжатта.

Акция жайы

Хабарлама жарияланған соң Pfizer акциялары негізгі сессияда 3,6%-ға, 29,6 долларға дейін қымбаттады және постмаркетте тағы 0,5 % қосылды. Жыл басынан бері Pfizer акцияларының құны 2,8%-ға көтерілген, алайда кейінгі 12 айда құнының 23,4%-ынан айырылған.

MarketWatch деректері бойынша, Pfizer акцияларын бақылаушы 27 сарапшының 11-і акцияларды сатып алуға, қалған сарапшылар ұстап отыруға кеңес береді. Компания акцияларының бағасына қатысты Уолл-стриттің консенсустық болжамы – 32,59 доллар, яғни 10%-ға өседі деп болжайды.

Контекст

Covid-19 вакцинасы мен Paxlovid вирусқа қарсы препаратына сұраныс төмендеген кезде, 2023 жылы-ақ Pfizer 4 млрд долларға шығынды азайту жоспарын енгізген. 2023 жылы компания акциялары шамамен 50%-ға арзандап, Pfizer 100 млрд долларлық нарықтық құнынан айырылды. Осылай бір жыл ішіндегі көрсеткіші ең нашар фармацевтикалық компанияға айналды Енді компания инвесторлардың сенімін арттыруға тырысып жатыр дейді CNBC.

Коронавирусты емдеуге арналған өнімдерге деген сұраныс төмендегеннен кейін Pfizer арықтататын жаңа препарат әзірлеуді тоқтатуға ұйғарды. Жаңа препарат клинкалық сынақтардан өтпей, Уолт-стриттің Pfizer-ге артқан үміті ақталмай қалды. 16 мамырда қыжылға қарсы Zantac препаратының канцерогендік қасиеттері туралы ақпаратты жасырғаны үшін Pfizer-дің талапкерлерге 200–250 миллион доллар мөлшерінде ақша төлейтіні белгілі болды.

Мамырдың басында Pfizer бірінші тоқсандағы табыс пен түзетілген кіріс туралы хабарлады, ондағы көрсеткіштер сарапшылардың күткен мөлшерінен асып түсті. Сондай-ақ компания 2024 жылға арналған болжамындағы пайда мөлшерін арттырды.
1 мамырда тоқсан қорытындысы бойынша бейнебайланыс кезінде: «Биыл біз болжамға келгенде сақтық танытамыз, – деді Pfizer бас директоры Альберт Бурла. – Компанияның акциялары сол күні 6%-ға қымбаттады. Содан бері Pfizer акциясының бағасы, шамамен, 14%-ға өсті дейді CNBC.