Үкімет адам папилломасы вирусына қарсы вакцина сатып алуға резервтен 9,7 млрд теңге бөлінгенін хабарлады

Жарияланды
вакцина
Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Қазақстанда 11 жастағы қыздарға адам папилломасы вирусына қарсы екпе салынатын болады. Бұл вакцина әйелдердің жатыр мойны обырының алдын алады. Осыған байланысты Үкімет вакцина сатып алуға және екпе жұмысын жүргізуге резервтен 9, 7 млрд теңге бөлді. Тиісті қаулыға Премьер-Министрі Олжас Бектенов қол қойды.

«Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың бюджеттеріне 351 мыңнан астам дозасы мөлшерінде вакцина сатып алу үшін ағымдағы нысаналы трансферттер түрінде 9,7 млрд теңгеден астам қаражат аударылады», – делінген Үкімет қаулысында. 

ҚР Ұлттық вакцинация күнтізбесіне сәйкес және ДДҰ ұсынымын ескере отырып, АПВ-ға қарсы екпе салу 11 жастағы қыздарға 6 ай аралық мерзіммен екі рет жүргізілетін болады.

Қаңтарда Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағанбетова елдегі 175 мың қыз балаға жатыр мойны обырына қарсы екпе салынатынын айтқан.

Вице-министрдің айтуынша, Қазақстан 2 немесе 4 валентті вакцинаны алуды қарастыруда.  

«Жатыр обырына қарсы вакцинаны әлем бойынша тек 4 өндіруші шығаратынын айтып кеткен жөн. Бұл ретте екі өндіруші 2 валентті вакцина шығарады. Яғни бұл адам папиломасы вирусының екі түрінен сақтайды. Тағы бір америкалық компания төрт және тоғыз валентті вакцина шығарады. Қазіргі таңда қандай вакцинаны – екі немесе 4 валентті вакцинаны алу керектігін қарастырып жатырмыз. Өйткені 9 валентті вакцинаны алу өте қиын. Сондықтан екі немесе 4 валентті вакцинаның бірін таңдаймыз», – деді.

Вакцина тек 11 жастағы қыз балаларға салынады. Ал әйелдер вакцинаны ақылы түрде ала алады.

Вице-министр бұл вакцинасы бар алдын алуға болатын жалғыз қатерлі ісік ауруы екенін, вакцина алған елдердегі ауру саны 90 пайызға азайғанын айтты.

Жалпы Қазақстан обыр ауруы бойынша екінші орында тұр. Сондай-ақ Қазақстанда жыл сайын 1800 әйел жатыр мойны обырымен ауырып, 600-і қайтыс болады.   

Сондай-ақ оқыңыз