Әлия Назарбаеваға тиесілі болған зауытты Qarmet 4,1 млрд теңгеге сатып алды
Бұрын Әлия Назарбаеваға тиесілі болған ескі көліктерді өңдеу зауыты аукционда Андрей Лаврентьевтің Qarmet компаниясына сатылған. Бұл туралы Қарағанды мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті «Курсивтің» сауалына берген жауабында айтқан.
Департамент Qarmet компаниясымен сатып алу-сату шартын жасасқан. Қазір қабылдау-тапсыру актісі дайындалып жатыр. Сауда-саттық электронды сауда алаңында (gosreestr.kz) өткізілді. Олар 2 мамырда басталып, 21 мамырда соңғы қорытынды шығарылды.
Мемлекеттік мүлік департаментінің мәліметінше, Qarmet зауытты 4,1 млрд теңгеге сатып алған. Бұған дейін кәсіпорын мемлекеттік мүлік департаментінің бұйрығымен бағаланды. Оның нарықтық құны дәл осы сомаға бағаланған.
Бұған дейін электронды сауда алаңының сайтында аукцион өткенін, онда зауыт екі есе арзанға сатылғанын жазғанбыз. Сайтта зауыттың сатылған бағасы 1,5 млрд теңге деп көрсетілген.
«Курсивтің» сауалына жауап берген департамент зауыт мүлкі аукционда үш лот бойынша сатылғанын түсіндірді. Бірінші лот бойынша зауыт мүлкін сатып алу құны 1,5 миллиард теңгеге, қалған екі лотта жалпы сомасы 2,6 миллиард теңгеге бағаланған. Зауыт ғимараты бірінші лот бойынша сатылған. Ал техника мен құрал жабдық алдымен мемлекеттік органдарға ұсынылып, ешкім қызығушылық танытпаса, ауционға шығарылуы тиіс болған.
Электронды сауда алаңында жарияланған құжаттарда аукционның өткені жазылған. Аукционға Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы, Доскей ауылында орналасқан зауыт шығарылған. Сатылатын нысандар ішінде гараж, қойма, өндіріс цехы, шатырмен жабылған қойма, өндірістік корпус, химиялық тазалау цехы мен тағы да басқа ғимараттар бар. Сонымен бірге сатылымға түрлі металл қалдықтары да шығарылған.
Зауыт 2017 жылы салынған. Бұл кәсіпорын Орталық Азиядағы ескі көліктерді қайта өңдейтін жалғыз зауыт делінген. Металл қалдықтарынан шойын, болат, алюминий, түсті металдар қорытпаларын өндіруі тиіс еді. Алынған дайын өнім еліміздің металлургиялық кәсіпорындарына жеткізіледі.
Recycling Company зауытының негізін қалаған – Green Future Management Ltd жеке компаниясы. АХҚО-да тіркелген компания Әлия Назарбаеваға тиесілі.
RecyclingCompany қаржы есептілігін жарияламайды. Алайда 2021 жылы бас директордың өндіріс жөніндегі орынбасары Алена Чаниева Курсивке берген сұхбатында зауыт әр өңделген автокөлік үшін «ӨКМ операторынан» 123 мың теңге көлемінде өтемақы алатынын айтқан.
Ал «ӨКМ операторы» утильалыммен айналысқан. «ӨКМ операторы» жұмысы қазақстандықтардың көптеген шағымын туғызған еді. Нәтижесінде 2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев компанияның утилизациялық алымға иелік етуін тоқтатып, оны мемлекеттік ұйымға беруді тапсырды. Ал компанияның басшылығына қатысты қылмыстық іс қозғалды.
«ӨКМ операторы» ЖШС-нің миллиардтаған қаржысын жымқырды деген үкіммен төрт адам түрмеге қамалды. Оларға бір жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру үкімі шықты.