Құлыбаевқа тиесілі мұнай компаниясының басшысы ауысты
Тимур Құлыбаевтың мұнай өндіруші «Кристалл Менеджмент» компаниясы директорлар кеңесінің құрамын өзгертті. Оның құрамына Павлодар мұнай-химия зауытының бұрынғы топ-менеджері Азамат Темірғалин кірді. Бұл туралы KASE таратқан хабарламада жазылған.
2020 жылдан бастап 2021 жылдың тамызына дейін Азамат Темірғалин Павлодар мұнай-химия зауытында құрылымдық бөлімше басшысы болды.
Бұған дейін 2018 жылдың қазан айынан бастап аталған тұлға тәуекелдерді басқару және менеджмент жүйелерін дамыту бөлімін басқарды. Екі жоғары білімі бар. Атап айтқанда, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін «Қаржы» мамандығы бойынша және Орталық Қазақстан академиясын «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.
Университетті бітіргеннен кейін «ЦентрКредит» банкінде талдаушы болып жұмыс істеді. Ал 2014 жылы Павлодар мұнай-химия зауытында Қаржыландыруды ұйымдастыру және инвестицияларды талдау бөліміне экономист болып жұмысқа орналасты.
Темірғалин кімнің орнына келді? Ол «Кристалл Менеджмент» компаниясы директорлар кеңесіндегі Индира Табылдының орнына келді. Индира Табылды 2024 жылдың 2 мамырынан бастап өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатқан. Ол бұл қызметті 2026 жылдың 2 қарашасына дейін – директорлар кеңесінің өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін атқарады.
2014 жылы «Кристалл Менеджмент» компаниясы қазіргі Ұлытау, Ақтөбе және Қызылорда облыстарының аумағында көмірсутектерді барлауға келісімшарт жасасты. Кейін оның мерзімі ұзартылды. Сынақ өндірісі аясында компания 2022 жылы 12,2 мың тонна, 2021 жылы 28,6 мың тонна мұнай өндіріп сатты.
Бұған дейін Тимур Құлыбаевқа тиесілі «Кристалл Менеджмент» АҚ Қызылорда облысындағы Қаракөл кен учаскесі аумағында мұнай өндіру құқығын алды. Сондай-ақ, «Кристалл Менеджмент» АҚ компаниясы Қызылорда облысының Жалағаш ауданындағы Сұлутабан мұнай-газ кен орнын игеру жоспарлары туралы мәлімдеді.