«ҚазМұнайГаз» геологиялық барлауға бағытталған инвестиция көлемін 40%-ға арттырады
2023 жылы геологиялық барлауға 135 млн доллар бөлген «ҚазМұнайГаз» 2024 жылы қаржы көлемін 40%-ға арттырмақ. Осылайша биыл «Самұрық-Қазынаның» еншілес ұйымы бұл салаға 191 млн доллар инвестиция салады.
«2024 жылы геологиялық барлауға 191 млн доллар көлемінде инвестиция салу жоспарлануда. Жоспар бойынша ҚМГ жеке қаражаты есебінен Торғай палеозой аймағында тереңдігі 5500 метр бірінші барлау ұңғымасы бұрғыланады. Геологиялық ресурстар (Р50) 399 млн тоннаны құрайды. Бірінші барлау ұңғымасын бұрғылау және сынау тереңдігі 2500 метр Абай теңіз аймағында басталады», – деп жазылған компания хабарламасында.
Сонымен қатар ҚМГ геологиялық ресурстары (Р50) 32 млн тоннаны құрайтын «Қаражар» барлау алаңына келісімшартты, сондай-ақ стратегиялық серіктеспен бірге геологиялық ресурстары (Р50) 344 млн тоннаны құрайтын «Болашақ» геологиялық барлау алаңына арналған келісімшарт алмақ.
2024 жылы барлығы 17 іздеу-бағалау ұңғымасын бұрғылау жоспарлануда. Оның ішінде тереңдігі 5,5 шақырым іздеу ұңғымасын бұрғылау жұмыстары басталады.
2023 жылы алдын ала мәлімет бойынша геологиялық барлауға шамамен 135 млн доллар инвестицияланды. Жыл сайынғы есепте көрсетілгендей, ҚМГ үлесі 52 млн долларды құрады, қалған инвестициялар серіктестердің трансферттік қаржыландыруы есебінен бөлінді.
Компания 400 шаршы км 3D және 1 613 линиялық км 2D далалық сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізді. Өткен жылы 17 барлау-бағалау ұңғымасы бұрғыланып, сынақтан өткізілді.
Еске сала кетсек, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының түсімі 4,2% төмендеді. Компания облигациялары бойынша купон мөлшерлемесі 3%-дан 9,3%-ға дейін өсті.