Сарапшылар болжамы: Brent маркалы мұнай бағасы өсіп, базалық мөлшерлеме 14% деңгейінде қалыптасады

Жарияланды (жаңартылды )
Brent маркалы мұнай бағасы
2024 жылы Brent маркалы мұнайдың бағасы орта есеппен барреліне 83,3 доллар деңгейінде қалыптасады / Архив: kursiv.media

Ұлттық Банк сарапшылар қауымдастығы арасында жүргізілген кезекті макроэкономикалық сауалнаманың нәтижелерін жариялады.

Сауалнама Brent маркалы мұнайдың бағасы, Қазақстан экономикасының өсуі, инфляция, базалық мөлшерлеме, тауарлар мен қызметтердің экспорты мен импорты, сондай-ақ ұлттық валюта бағамы негізінде жасалды.

2024 жылдың мамыр айында мұнай бағасына қатысты болжамдар айтарлықтай өзгерген жоқ. Респонденттердің паймынша, 2024 жылы Brent маркалы мұнайдың бағасы орта есеппен барреліне 83,3 доллар деңгейінде қалыптасады. Ал 2025 және 2026 жылдары 80,0  доллар деңгейінде сақталады.

2024 және 2026 жылдарға Қазақстан экономикасы бойынша болжамдары 4,3% және 4,5%-ға дейін қайта қаралған. 2025 жылы бұрынғыдай 5,0% деңгейінде өседі деген болжам жасалған.

2024-2025 жылдарға инфляция болжамдары алдыңғы сауалнама нәтижелерінен аса ерекшеленбей 8,5% және 6,8%-ды құрады. Алдыңғысына сәйкес – 8,4% және 7,0%. 2026 жылы респонденттер инфляцияны 5% мақсатпен салыстырғанда 6,0% деңгейінде сақталады деп есептейді.

2024 жылғы базалық мөлшерлеме бойынша болжам өзгермеген (жылына орта есеппен 14%). 2025 жылға болжам сәуір айындағымен салыстырғанда төмен, яғни 10,9% деңгейінде (бұрынғысы – 11,2%), 2026 жылы – 9,2% деңгейінде қалыптасты (бұрынғысы – 9,8%).

Сауалнамаға Қазақстан көлемінде макроэкономикалық көрсеткіштерді талдаумен және болжаумен айналысатын 11 ұйым қатысты. Респонденттердің қатарына нарықтың кәсіби қатысушылары, зерттеу институттары, халықаралық ұйымдар мен рейтингтік агенттіктер кіреді.

Еске сала кетсек, бұған дейін сарапшылар 2024 жылы Brent маркалы мұнайдың 1 баррелі орта есеппен 81 АҚШ доллары, 2025 және 2026 жылдары – 80 АҚШ доллары деңгейінде қалыптасады деп болжаған.

Сондай-ақ оқыңыз