Qazaq Air әуе компаниясын сату бойынша мәмілеге әлі қол қойылған жоқ - «Самұрық-Қазына» АҚ

Жарияланды (жаңартылды )
Qazaq Air әуе компаниясын сату
Qazaq Air әуе компаниясын сатып алу-сату шарты әлі жасалмаған / Архив: kursiv.media

«Самұрық-Қазына» АҚ вьетнамдық Aviation Holdings компаниясымен Qazaq Air әуе компаниясының акцияларын сату шарттары бойынша қағидаттар келісіміне қол қойылғанын хабарлады.

Қор мәліметінше, сатып алу-сату шарты әлі жасалмаған.

«Қол қою және мәмілені жабу жақын күндері жүзеге асатын болады», – деп хабарлады «Самұрық-Қазына» АҚ.

Бұл ретте инвесторға арнайы талаптар қойылады. Оның ішінде мәміле жабылған күннен бастап 5 жылдың көлемінде Qazaq Air әуе кемелерінің паркін 20 бортқа ұлғайту міндеті бар.

«Дәлірек айтқанда, Boeing 737-Max8 және Airbus A320/321 модельдері жайында айтып отырмыз. Мәміле елге тікелей шетелдік инвестицияларды тартуға ықпал етеді», – деп атап өтті «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов.

Бұған дейін Қазақстан-Сингапур бизнес форумы барысында Қасым-Жомарт Тоқаев вьетнамдық SOVICO Group компаниясының Qazaq Air әуе компаниясын жекешелендіруін құптайтынын жеткізді.

Еске сала кетсек, 2023 жылдың тамызында «Самұрық-Қазына» «Qazaq Air» АҚ акцияларын сатуға шығарды. Қазақстандық әуе тасымалдау нарығын дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер қарастыруға, QAZAQ AIR әуе компаниясының ұшу географиясын кеңейтуге, флотты ұлғайтуға және инновациялық шешімдерді енгізу мақсатында жеке инвесторды тарту қарастырылатыны айтылды.

2023 жылдың қарашасында Көлік министрі Марат Қарабаев Вьетнамның VietJet Air компаниясы QazaqAir-ді сатып алу мүмкіндігін қарастырып жатқанын мәлімдеген болатын.

Qazaq Air – «Самұрық-Қазына» қорының портфельдік компаниясы, бас хабы Астана аэропортында орналасқан. Қазақстан және көрші мемлекеттердің шекаралас аумақтарында өңіраралық әуе қатынасының қауіпсіздігі мен қолжетімділігін арттыру үшін құрылған.

Сондай-ақ оқыңыз