Бүкіл Қазақстан аумағындағы сейсмикалық қауіпсіздікке жауапты мекемеде кадр тапшы, ғимараты әбден тозған

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Бүкіл Қазақстан аумағындағы сейсмикалық қауіпсіздікке жауапты мекемеде кадр тапшы, ғимараты әбден тозған
Алматыдағы сейсмология ғылыми орталығының ғимараты қала бюджеті есебінен жөнделеді / Архив: kursiv.media

Алдағы уақытта Алматыдағы сейсмология ғылыми орталығының ғимараты жөнделіп, қайта жабдықталады. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев айтты.

Айта кететіні, Алматы қаласы сейсмикалық тұрақсыз аймақ. Алайда қаңтарда болған 5 балдық жер сілкінісі қала тұрғындарынан бастап, түрлі қызметтердің күшті дүмпулерге дайындығы төмендігін көрсетті.

Бұл ретте мегаполисте жер сілкіністерін зерттейтін Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығы бар. Алайда онда 1986 жылдан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген, жабдықтардың басым бөлігі ескірген, сондай-ақ кадр тапшы.

Орталық қызметінің негізгі бағыты – бүкіл ел аумағының сейсмикалық қауіптілігін бағалау және сейсмологиялық мониторинг жүргізу.

«Біз ғимаратты қала бюджеті есебінен жөндеу туралы шешім қабылдадық. Сондай-ақ ғылыми зерттеулерге шамамен 2 млрд теңге бөлінеді, бұл еңбекақы төлеу қорын ұлғайтуға, шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасуға, жаңа кадрлар тартуға мүмкіндік береді. Бұл орталық қала үшін ғана емес, бүкіл ел үшін өте маңызды, сондықтан ол әлемдік стандарттарға сай болуы тиіс», – деді Ерболат Досаев.

Қазіргі уақытта сейсмологиялық бақылаулардың Республикалық желісі (РССН) Қазақстанның 12 облысында және Алматы қаласында орналасқан 70 сейсмикалық станция мен бақылау пунктерінен тұрады.

Станцияларда 160 түрлі өлшем бойынша сейсмикалық, геофизикалық, гидрогеологиялық, бақылаулар жүргізіледі. Сезілетін жер сілкінісі жағдайында кезекшілер жедел режимде оның параметрлерін анықтайды: сілкініс уақыты, эпицентрдің координаттары, жер сілкінісінің класы немесе оның магнитудасы.

Айта кетерлігі, Орталық ҚР ТЖМ «Сейсмология институты» ЖШС мен ҚР ТЖМ «Сейсмологиялық тәжірибелік-әдістемелік экспедиция» ЖШС-ні біріктіру жолымен қайта құру нәтижесінде құрылды.

Еске сала кетсек, ҚР ТЖМ «Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу ғылыми орталығы» ЖШС сейсмикалық станциялар желісімен 2024 жылғы 23 қаңтарда Алматы уақытымен 00 сағат 09 мин 02 сек жер сілкінісі тіркелді. 

Алматыда болған жер сілкінісінен 8 адам зардап шеккен. Жарақат алған үш адам тұрғын үйлердің 2 және 3-қабатынан секірген. Бұл төтенше жағдайда дабыл қағылмады.

Сондай-ақ оқыңыз