Нетаньяху Палестина мемлекеттігін ресми мойындаған Еуропа елдерінің әрекетін сынға алды
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху 22 мамыр күнгі Ирландия, Испания және Норвегияның Палестинаны тәуелсіз мемлекет ретінде мойындауын сынға алды. Ол бұл жолдың бейбітшілікке әкелмейтінін, Палестинаны мемлекет ретінде тануды «терроризмді марапаттау» деп санайтынын жеткізген.
«Зұлымдыққа ел мәртебесі берілмеу керек. Бұл террористер мемлекеті болады. Ол 2023 жылғы 7 қазандағы қырғынды қайталауға тырысады. Біз бұған келіспейміз. Лаңкестерге берілетін бұл марапат бейбітшілік әкелмейді. Сондай-ақ біздің ХАМАС қозғалысын жеңуімізге кедергі болмайды», – деп мәлімдеген Нетаньяху.
Ол сонымен қатар сауалнама жүргізілгенін, нәтижесінде ХАМАС-тың Израильге жасаған шабуылын Иордан өзенінің батысында тұратын палестиналықтардың 80%-ы қолдағанын айтқан.
Еске сала кетсек, Еуроодақтың үш елі Палестинаның тәуелсіздігін ресми түрде мойындады. Атап айтқанда, Норвегия, Испания, Ирландия тәуелсіз мемлекет ретінде танитындарын жеткізді.
Норвегияның премьер-министрі Йонас Гар Сторе екі мемлекеттің құрылуын израильдіктердің де, палестиналықтардың да бейбітшілік пен қауіпсіздікте қатар өмір сүруі үшін жалғыз балама жол екенін айтқан. Екі мемлекет құрылмай Таяу Шығыста бейбітшілік орнамайтынын айтқан ол Палестина мемлекеті – Таяу Шығыстағы бейбітшілікке қол жеткізудің негізгі алғышарты екені атап өткен.
Норвегия – Палестинаны мойындаған Еуроодақтың оныншы мүшесі. 1988 жылы Палестинаны Болгария, Кипр, Чехия, Венгрия, Мальта, Польша, Румыния және Словакия, ал 2014 жылы Швеция елдері ресми түрде тәуелсіз ел ретінде мойындаған.
Ал Словения маусым айының ортасына дейін Палестинаның мемлекеттігін мойындау жоспарын жариялайтынын мәлімдеді. Жалпы алғанда, Палестинаны БҰҰ-ға мүше 193 елдің 143-і, соның ішінде Ресей де тәуелсіз мемлекет ретінде таныған. Қазақстан да екі мемлекет құру жолымен Палестина мәселесін шешуді, сондай-ақ 1967 жылғы соғысқа дейінгі шекараларда тәуелсіз Палестина мемлекетін құруды қолдайды.