Тоқаев Qazaq Air авиакомпаниясының жекешелендіруін құптайтынын айтты

Жарияланды
Тоқаев Qazaq Air әуекомпаниясын жекешелендіру арқылы Қазақстан мен АСЕАН елдері арасындағы әуе қатынастарын жандандыруға мүмкіндік туатынын айтты / Фото: kursiv.media

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев вьетнамдық SOVICO Group компаниясының Qazaq Air әуе компаниясын жекешелендіруін құптайтынын жеткізді. Бұл жайлы мемлекет басшысы Қазақстан-Сингапур бизнес форумы барысында айтты.

Тоқаев географиялық алшақтық пен байланыстың нашарлығы ұзақ жылдар бойы екі мемлекеттің экономикалық ықпалдастығын кедергі болғанын, бірақ жаһандану мен дамыған инфрақұрылымның арқасында елдер арасындағы өзара байланыс бұрынғыдан әлдеқайда жақсара түскенін атап өтті.

Сонымен бірге Қасым-Жомарт Тоқаев отандық «Қазақстан темір жолы» компаниясы мен сингапурлық PSA International компаниясы арасындағы Транскаспий халықаралық көлік бағыты мен «Орта дәліздің» әлеуетін пайдалануға бағытталған синергиялық серіктестік жөнінде сөз қозғады.

«Аталған бағыт Еуразия кеңістігіндегі ынтымақтастықты мүлдем жаңа деңгейге шығара алады. Бұл – Орталық және Шығыс Азиядан Еуропаға шығатын ең төте әрі орнықты жол. Сингапур компаниялары мен қаржы институттары бұл саладағы бизнес пен инвестицияның мүмкіндіктерін зерттеп, айтарлықтай пайдаға кенеле алады деп санаймыз. Вьетнамдық SOVICO Group компаниясының Qazaq Air авиакомпаниясын жекешелендіруін құптаймын. Бұл Қазақстан мен АСЕАН елдері арасындағы әуе қатынастарын жандандыруға мүмкіндік береді», – деді Қазақстан президенті.

Сонымен бірге мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықтың маңызы зор екенін атап өтіп, Сингапур компанияларына бірлескен агроинновациялық орталықтар құрып, дәлдігі жоғары егіншілік және су ресурстарын барынша тиімді пайдалану бағыттарында бірлесе жұмыс істеуді ұсынды.

«Qazaq Air»-ді жекешелендіру туралы

Еске сала кетсек, 2023 жылдың тамызында «Самұрық-Қазына» «Qazaq Air» АҚ акцияларын сатуға шығарды. Қазақстандық әуе тасымалдау нарығын дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер қарастыру үшін, QAZAQ AIR әуе компаниясының ұшу географиясын кеңейтуге, флотты ұлғайтуға және инновациялық шешімдерді енгізу мақсатында жеке инвесторды тарту қарастырылатыны айтылды.

2023 жылдың қарашасында Көлік министрі Марат Қарабаев Вьетнамның VietJet Air компаниясы QazaqAir-ді сатып алу мүмкіндігін қарастырып жатқанын мәлімдеген болатын. Ол шетелдік компанияның QazaqAir-ді сатып алған жағдайда қосымша 50 жаңа ұшақ жеткізуді жоспарлап отырғанын айтты.

Айта кету керек, шарттарға сәйкес Qazaq Air компаниясын сатып алғысы келетін инвестор 2033 жылға дейін 38 млрд теңге қарызын өтеуге тиіс болған. «Самұрық-Қазынаның» дамыту және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры Салтанат Сәтжанның айтуынша, бұл компанияның бес ұшақ үшін алған қарызы.

Ол 2033 жылға дейінгі кесте бойынша толық төленуі керек (бір транш – 2030 жылға дейін, екіншісі – 2033 жылға дейін). Бірінші транш бойынша өтеу 2024 жылдан 2029 жылға дейін жыл сайын 425 млн теңгеден, 2030 жылы – бірден 13,234 млрд теңгеден өтеді. Екінші транш бойынша өтеу 2024 жылдан 2032 жылға дейін 425 млн теңгеден, 2033 жылы – 18,282 млрд теңгеден жүріп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз