Қазақстан Орталық Азиядағы «синтетикалық есірткі» өндірісінің ошағына айналды – ІІМ

Жарияланды (жаңартылды )
General News бөлімінің аға тілшісі
Қазақстан «синтетикасы» қазірдің өзінде Қырғызстан мен Өзбекстанның нарығын жаулап алған / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Денис Андреев

Есірткі өндірісінің ауқымы жағынан Қазақстан Орталық Азия мемлекеттері арасында бірінші орында тұр. Осылай деп мәлімдеген Ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев синтетикалық есірткіге қатысты статисикалық мәліметтермен бөлісті.

Қожаевтың сөзінше, еліміз Орталық Азиядағы «синтетикалық есірткі» өндірісінің ошағына айналған.

«Соңғы 4 жылда «синтетиканың» заңсыз айналымы 10 есеге жуық артты, ал жойылған есірткі зертханаларының саны 27 есеге өсті. Есірткіге қатысты қатаң жазаға қарамастан біздің «синтетика» қазірдің өзінде Қырғызстан мен Өзбекстанның нарығын жаулап алды», – деді вице-министр.

ІІМ бірінші орынбасары синтетиканың осыншалықты белең алуына үш негізгі фактор әсер етіп отырғанын мәлімдеді. Яғни ел аумағында өсетін канабис шикізатының болуы, солтүстік бағыт бойынша ауған героинінің трафигі мен синтетикалық препараттардың кең таратылуы себеп болып отыр. Қожаев есірткіні көп өндіретін өңірлерді де атап өтті.

«Әсіресе, оңтүстік өңірлерімізде ірі көлік-логистикалық тораптарда орналасқан – Алматы қаласы, Алматы, Жетісу облыстары. Биыл аталған облыстарда синтетикалық есірткі өндіретін зертханалардың негізгі бөлігі байқалды. Жыл басынан бері құқық қорғау және арнайы органдармен 33 есірткі зертханасы жойылды. 10 тоннадан астам прескусорлар тәркіленді. Осылайша, тұтынуға дайын 1 тонна есірткі затының өндірісіне жол берілмеді. Бұл шамамен 3 млн бір реттік доза және мыңдаған құтқарылған өмір», – деді Қожаев Мәжілісте өткен қоғамдық палата отырысында.

Марат Қожаев биыл 4 ай ішінде 2 729 есірткіге қатысты құқық бұзушылық, оның ішінде 1 117 қылмыс әшкереленгенін атап өтті. 734 есірткі сату фактісі, 179 ірі көлемде есірткі сақтау дерегі анықталған.

«Есірткі бизнесі саласында ұйымдасқан қылмыстық топты құрғаны және басшылық жасаған үшін 11 қылмыстық іс қозғалды. 2 мың тоннаға жуық есірткі, оның ішінде 234 келі синтетикалық есірткі тәркіленді. Соңғы 5 жылдың ішінде тұтынуға дайын синтетикалық есірткіні тәркілеу көлемі 10 келіден 1 тоннаға дейін күрт артты», – деді ІІМ бірінші орынбасары.

Қазақстанда есірткіні қолдану қылмыс болып саналмайды

Айта кетейік, ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірханов елімізде наркологиялық есепте 18 мыңнан астам адам тұрғанын мәлімдеген еді. Бірақ елдегі нашақорлар саны 200 мыңнан асып түсуі мүмкін.

«Дәл қазір 18 200 адамды сенімді есепке алу бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Денсаулық сақтау мекемелері келтірген мәліметтерге жүгінсек, бүгінде еліміз тіркеуде тұрған нашақорлардың 1,5 мың әйел болса, 66-сы кәмелетке толмағандар. Ал іс жүзінде бұл көрсеткіш 10 есеге көп болуы мүмкін. Алдын ала болжам бойынша олардың саны шамамен 200 мың. Сондықтан біз бұдан былай бірден тіркеуге алу бойынша әкімшілік жауапкершілікті арттыруды көздеп отырмыз. Ал дәл қазіргі уақытта  есепке алу жұмыстары тек пациенттердің келісімімен ғана жүзеге асырылады», — деді Әмірханов Сенат қабырғасында өткен жиында.

Қазақстанда есірткіні қолдану қылмыс болып саналмайды. Тек қоғамдық орындарда пайдаланғандар ғана жауапқа тартылады. Мәселен, дәмхана, мұражай, кітапхана, пойыз, әуежайлар мен кіреберістер. Ал осы талаптарды бұзған нашақорларға 80 АЕК (295 мың теңге) айыппұл салынады немесе 20 тәулікке қамауға алынады.

Мамыр айының басында Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда есірткі өндіргендерді өмір бойына бас бостандығынан айыруды мақұлдады. Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы қылмыс үшін жазаны қатаңдату туралы ұсыныс жасаған болатын. Сондай-ақ мәжілісмендер қоғамдық орындарда есірткі қолдануды қылмыссыздандыруға келіскен.

Сондай-ақ оқыңыз