Мәжіліс жанындағы қоғамдық палатаның мүшесі Әміржан Қосан студенттердің барлығын еркінен тыс есірткіге қарсы тест тапсыртуға міндеттеу туралы ұсыныс айтты. Осылайша есірткі тұтынатын жастардың нақты санын анықтауға болады деп есептейді.
Әміржан Қосан Қазақстанда есірткі мәселесі ушығып бара жатқанынына тоқталды. Сол себепті радикалды қадамдар қажет деп санайды.
«Яғни мұнда терапия жеткіліксіз. Есірткі ең алдымен жастарымызға келеді. Мектеп, институт, университетте. Мынадай ойға қалай қарайсыздар, қазір Қазақстандағы есірткіні пайдалану жағдайы шынымен қандай екенін білу үшін мүмкін еркінен тыс болса да, барлық ЖОО-лардағы студенттерді есірткі пайдалана ма, пайдаланбай ма деген тестен өткізсек. Сонда Қазақстандағы есірткінің нақты жағдайын білер едік», –деді Әміржан Қосан Мәжілісте өткен қоғамдық палата отырысында.
ІІМ бірінші орынбасары Марат Қожаев бұл ұсынысты қолдауға болатынын жеткізді. Дегенмен бұл мәселеде ескеретін дүниелер барын да айтты.
«Ол да дұрыс шығар. Мысалы, өз саламызда алдыңғы жылдан бастап қызметкерлердің бәрін наркоскринингтен өткізуді бастадық. Бір саладан басқа салаға ауысқанда, бір қызметтен екінші қызметке, я болмаса лауазымы жоғарылағанда қызметкерлеріміз міндетті түрде наркоскринингтен өтеді. Шындыққа келсек, арасында кездеседі де, табылып жатады. Ұсыныс жақсы. Біз оны қолдар едік. Студенттер мен мектеп оқушыларын наркоскринингтен өткізу үшін қаншама қаражат керек. Оған қаншалықты сенуге болады, ертеңгі күні қандай мәселе туындауы мүмкін? Туыстары да мұны дұрыс деп есептемеуі мүмкін. Егер осының бәрін реттесек, оның зияны болмайды деп ойлаймын», – деп жауап берді ІІМ бірінші орынбасары.
Әміржан Қосанның бұл ұсынысын депутат Снежанна Имашева да қолдады. Бірақ заңда мәжбүрлеу шарасы қарастырлмағанын айтты.
Мәжілісте өткен қоғамдық палата отырысында ІІМ бірінші орынбасары еліміз есірткі өндірісінің ауқымы жағынан Орталық Азия мемлекеттері арасында бірінші орында тұрғанын мәлімдеді.
ІІМ бірінші орынбасары синтетиканың осыншалықты белең алуына үш негізгі фактор әсер етіп отырғанын мәлімдеді. Яғни ел аумағында өсетін канабис шикізатының болуы, солтүстік бағыт бойынша ауған героинінің трафигі мен синтетикалық препараттардың кең таратылуы себеп болып отыр. Қожаев есірткіні көп өндіретін өңірлерді де атап өтті.
«Әсіресе, оңтүстік өңірлерімізде ірі көлік-логистикалық тораптарда орналасқан – Алматы қаласы, Алматы, Жетісу облыстары. Биыл аталған облыстарда синтетикалық есірткі өндіретін зертханаларадың негізгі бөлігі байқалды. Жыл басынан бері құқық қорғау және арнайы органдармен 33 есірткі зертханасы жойылды. 10 тоннадан астам прескусорлар тәркіленді. Осылайша, тұтынуға дайын 1 тонна есірткі затының өндірісіне жол берілмеді. Бұл шамамен 3 млн бір реттік доза және мыңдаған құтқарылған өмір», – деді Қожаев мәжілісте өткен қоғамдық палата отырысында.
Марат Қожаев биыл 4 ай ішінде 2 729 есірткіге қатысты құқық бұзушылық, оның ішінде 1 117 қылмыс әшкереленгенін атап өтті. 734 есірткі сату фактісі, 179 ірі көлемде есірткі сақтау дерегі анықталған.