Даймон болжамы, Оңтүстік Корея чип өндірісіне инвестия сала бастады, нарықтардағы тоқырау

Жарияланды
REUTERS/Mike Segar/File Photo

JPMorgan Chase төрағасы Джеймc Даймон АҚШ-тағы мөлшерлеме көтеріледі және экономика «күрт төмендейді» дегенді жоққа шығармайды. Оңтүстік Корея билігі жартылай өткізгіштер өнеркәсібіне 19 млрд доллар инвестия салды. Nvidia акцияларының қымбаттауы АҚШ қор индекстерін бір орында ұстап тұра алмады. Индекстер инфляцияның өсуі ықтималдығы салдарынан төмендеп барады. Осы және басқа да тақырыптар туралы 23 мамырдағы әлемдік БАҚ шолуынан оқыңыз.

Джеймc Даймон: Экономикамыз үшін «ең жаманы» стагфляция болады

CNBC  басылымының хабарлауынша, JPMorgan Chase төрағасы және бас атқарушы директоры Джеймc Даймон Шанхайдағы JPMorgan-ның жаһандық саммитінде жағымсыз болжам жасады. Бұл сарапшының пікірінше, АҚШ экономикасына «стагфляция сценарийі» ауыр тимек. Ондайда инфляция жоғарылай береді және жұмыссыздықтың жоғары деңгейі салдарынан өсу бәсеңдейді.

«Экономикамыздың қайда бара жатқанына қарап айтарым, бәріміз үшін ең қиыны – стагфляция. Ондайда мөлшерлемелер жоғарылап, рецессия жүреді, корпоративтік табыс төмендейді», – деді Даймон. Сарапшы АҚШ-та «орасан көп фискалдық-монетарлық стимулдың» әлі де әрекет етіп тұрғанын айтты. Бұл стимулдар жалақы мен тұтыну нарығын өсіретін өтімділіктің бір бөлігін қамтамасыз етіп тұрған болуы мүмкін.

Даймон мөлшерлемелерді ФРЖ сәл көтеріп, ал АҚШ экономикасы «қиындықтар ілестіре күрт төмендейтінін» жоққа шығармайды.

Nvidia акцияларының қымбаттауы нарықтарға әсер етпеді: олар инфляцияның өсуі ықтималдығына байланысты төмендеп жатыр

Жуырда басты-басты АҚШ қор индекстері құлдырап кетті. Әсіресе, DOW (-1,53%) түсіп кетті, S&P 500 0,74%-ға, Nasdaq 0,39%-ға төмендеді.

Экономикалық жаңа деректер мамырда АҚШ-тағы баға қысымының артқанын көрсеткеннен кейін, нарық құлдырай бастады деп хабарлайды Reuters. Дей тұрғанмен іскерлік белсенділіктің жеделдеуі мен жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алуға берілетін апта сайынғы өтінімнің азаюы байқалады. Бұл – еңбек нарығындағы тұрақтылықтың нышаны. «Нарық экономикалық өсудің баяулауын және инфляцияның бәсеңдеуін күтті. Болжам орындалмай, адамдар абдырап қалды, –  деп атап өтті Нью-Йорктегі макроэкономика институтының аға инвестициялық стратегі Брайан Ник. –  Оң жаңалық әлі де жағымсыз жаңалық ретінде қабылданады».

Тоқсанды жақсы есеппен жапқан Nvidia акцияларының қарқынды қымбаттауы да (+9,3%) технологиялық саладағы Nasdaq индекстеріне көмектеспеді. Былтыр 240%-ға дейін шарықтаған акциялар биылғы жылдың басынан бері 11%-ға ғана қымбаттады.

Оңтүстік Кореяда билік жартылай өткізгіштер өнеркәсібіне 19 млрд доллар инвестия салып жатыр

Жад микросхемаларын өндіретін Samsung және SK Hynix деген екі алпауыты бар Оңтүстік Корея, The Korea Economic Daily басылымының хабарлауынша, жартылай өткізгіштер өнеркәсібін қолдау жөнінен рекордтық мемлекеттік бағдарлама жариялады. Бағдарлама бойынша салаға 26 трлн вон (19 млрд доллар) көлемінде қаражат салынады. Ондағы мақсаты – осы саладағы әлемдік лидерлермен үзеңгілес болу.

Бағдарламада компанияларға қаржылай көмек беру мен кеңейтілген салық жеңілдіктері қарастырылған. Негізінен Кореяның чип өндіретін ірі және шағын компанияларына, осы салаға арналған жабдық әзірлеушілер мен жасаушыларға қолдау көрсетіледі. Одан бөлек үкімет чип өндіруші кәсіпорындар салу саласын қолдау мақсатында Кореяның мемлекеттік даму банкі арқылы 17 трлн вон бөлуді жоспарлап отыр. Үкімет сонымен қатар микросхема әзірлеуші фирмаларды қолдауға 1 трлн вон көлеміндегі арнайы қорды іске қосады.

Корея Сеуілдің оңтүстігіндегі Йонгинде «мегачиптік кластер» салуға кірісіп кеткен. Бұл кластер чип өндірісі жөнінен әлемдегі ең ірі жоғары технологиялық кешен ретінде жарнамаланып жатыр. Бұл нарықтың 70%-ы АҚШ еншісінде, Жапонияға 5,6%-ы, Оңтүстік Кореяға 3%-ы тиесілі.

АҚШ-та ипотекалық несие мөлшерлемелері 7%-дан аса төмендеді

АҚШ-та ипотекалық несие мөлшерлемелері қатарынан үш апта бойы төмендеп, бір ай ішінде алғаш рет 7%-дан түсіп кетті дейді FOX Business. Freddie Mac компаниясының бастапқы ипотека нарығын зерттеуіне сәйкес, 30 жылдық тұрақты ипотека бойынша орташа мөлшерлеме осы аптада  7,02% -дан 6,94%-ға дейін төмендеді. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 6,57%-ды құраған еді.

Сонымен қатар 15 жылдық мерзімді ипотека бойынша орташа мөлшерлеме де өткен аптада 6,28%-дан 6,24%-ға дейін төмендеді. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 5,97% деңгейінде болған.

Мөлшерлеменің төмендеуіне жылжымайтын мүлік объектілерін салу жөніндегі деректердің нашарлауы ықпал етті. Өткен айда қайталама және бастапқы нарықтардағы сатылым төмендеді.

Сондай-ақ оқыңыз