Жаңалықтар

Болжам әлсіз болғанымен,Ralph Lauren акциялары есеп беруден кейін қымбаттады

Ralph Lauren тікелей сату арналарын кеңейту жолында жұмыс істеп жатыр / Фото: Unsplash/Hayffield L

Киім шығаратын америкалық бренд – Ralph Lauren тоқсандық есебін жариялаған соң, акциялары 3%-дан аса қымбаттады. Компанияның консервативтік сипаттағы болжамы сарапшылардың күткенінен де нашар болды. Алайда сән үйінің табысы мен пайдасы нарық күткеннен жоғары болып шықты. Бұдан бөлек компания тоқсандық дивендтерді 10 пайызға көтерді.

Толығырақ

Бейсенбі, 23 мамырда өткен саудада Ralph Lauren акциялары 3,27%-ға – 169,57 долларға дейін қымбаттады. Бұл – бір жарым ай ішіндегі сауданың жабылуы кезіндегі ең жоғарғы баға.

Жыл басынан бері Ralph Lauren акциялары S&P 500 индексін (11%) басып озып, 14%-ға қымбаттады.

Акциялар неге қымбаттады?

Ralph Lauren-нің хабарлауынша, 2024 қаржы жылының төртінші тоқсанында (30 наурызда аяқталды) оның таза кірісі 180%-ға өсіп, 90,7 млн доллар немесе әр акцияға 1,38 долларды құрады. Бір акцияға түзетілген пайда 1,71 доллар болды, бұл FactSet сауалнамасына қатысқан сарапшылардың консенсустық болжамындағы 1,67 доллардан асып түсті дейді MarketWatch.

Ralph Lauren-нің тоқсандық пайдасы болмашы деңгейге ғана өсті: былтырғы 1,541 млрд доллардан 1,568 млрд долларға дейін. FactSet сауалнамасына қатысқан сарапшылар тоқсандық пайда 1,566 млрд доллар болады деп күткен.

Дүкендердегі сатылымдар 6%-ға өсті, ал сарапшылар өсу деңгейі 5,1% болады деп болжаған.

Ralph Lauren тоқсан сайынғы дивидендтердің 10%-ға, бір акцияға 0,825 долларға дейін өседі деп мәлімдеді. Жаңа дивидендтер алғаш рет 12 шілдеде төленбек.

Бұдан әрі не болмақ?

«Жақсы тоқсандық есеп күткеннен нашар болып шыққан 2025 қаржы жылына жасалған консервативтік болжамның әсерін жойды»,– дейді MarketWatch. Компания кіріс, шамамен, 2-3%-ға өседі деп күтеді. FactSet-тің қазіргі консенсустық болжамы 4%-ға өсуді айтады.

Ralph Lauren бас атқарушы директоры Патрис Луве компанияның екі жыл бойы «Келесі басты тақырып: қарқындау» жоспарымен айналысып келе жатқанын мәлімдеді.

MarketWatch басылымы: «Алдағы 2025 қаржы жылын бағдарлай келе, брендіміздің дамуына, танымал өнімдеріміздің портфеліне, әлемдегі жетекші қалалардағы тұтынушыларға бағытталған экожүйелерімізге инвестиция салуды жалғастырамыз», – деген Лувенің сөзін келтірді.

Инвесторлар үшін не маңызды?

Киім шығаратын америкалық компания тікелей сату арналарын кеңейтіп, көтерме сауда көлемін қысқартып жатыр. Қазірдің өзінде компания табысының үштен екісі тікелей сатылымнан түседі. 2017 жылы сатылымның бұл түрі 55%-ды қамтыған.

Компания Амстердам, Сингапур, Прага және Шарлотта (Солтүстік Каролина)сияқты түрлі қалада дүкендер аша берді. Өңірлік тұрғыдан алғанда, Азиядағы сатылым көш бастап тұр. Содан кейін Еуропа мен Солтүстік Америкадағы нәтиже күткеннен артық шықты. Осының бәрі әлемде танымал брендтер сатылымы бәсеңдеп, олар келешекке жағымсыз болжам жасап жатқан кезде болды. Мысалы, қор нарығына қатыспайтын Chanel осы аптада сән индустриясының «қиын кезеңге енгенін» айтып ескертті. Сөйтіп еді, оның бәсекелестері –  LVMH, Kering және Hermes акцияларын жаппай сатуға кірісті.

Лувенің айтуынша, америкалық бренд өзінің үш жылдық мақсаттарына және операциялық маржаның 15%-дық мақсатты көрсеткішіне қол жеткізу жолына түскен.

«Белгілеген стратегиямыз іске асып жатыр, біз оның негізгі қағидаттарын орындауға тырыса береміз», – деді ол.

Сарапшылар не дейді?

MarketWatch деректері бойынша, Ralph Lauren акцияларын бақылаушы 20 сарапшының біреуі ғана акцияларды сатуға кеңес береді. Он екі сарапшы Ralph Lauren акцияларын сатып алуға, жеті сарапшы ұстай тұруға шақырады. Компания акцияларының бағасына қатысты Уолл-стриттің консенсустық болжамы – 192,54 доллар, бұл 13%-ға өсуді білдіреді.