Жаңалықтар

БЖЗҚ қордан төленетін ең жоғарғы зейнетақы мөлшерін жария етті

Ең жоғары зейнетақы төлемі 945 мың теңге / Фото: Курсив

Биыл зейнет жасына толуына байланысты кесте бойынша төленетін орташа айлық зейнетақы 33 858 теңге болып бекітілген. Ал, БЖЗҚ-дан төленетін ай сайынғы төлемнің ең жоғары сомасы 945 752 теңгені құрады. Бұндай мәлімет БЖЗҚ-ның ресми сайтында жарияланды.

Қор жариялаған ақпаратқа сәйкес, 2024 жылғы 1 мамырдағы көрсеткіш бойынша БЖЗҚ – дағы зейнетақы жинақтарының көлемі 19 трлн. теңгеге жеткен.

«Міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтары 2024 жылғы 1 мамырға 18,3 трлн теңгеден асып, бір жылда 20,6% ұлғайды. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен зейнетақы жинақтарының сомасы шамамен 599 млрд теңге (бір жылдағы өсім – 22,8%). Бір жылдағы ең үлкен өсімді (45,7%) ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша жинақтар көрсетті. Олардың көлемі шамамен 6 млрд теңге», – делінген хабарламада.

Жинақтар мөлшерінің өсімі зейнетақы жарналары мен инвестициялық кіріс есебінен жүзеге асырылған. 2024 жылдың 4 айында салымшылардың шоттарына түскен зейнетақы жарналарының көлемі – 856,4 млрд теңге (өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 29,1% немесе шамамен 193 млрд теңгеге өсті) жетті.

Бұған дейін айтылғандай 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап, қолданыстағы жинақтаушы жүйеге жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) да түсіп отырады. ЖМЗЖ шамасы әрбір қызметкердің ай сайынғы табысынан есептеледі: 2024 жылғы 1 қаңтарда 1,5% мөлшерден басталып, 2028 жылы 5% жеткенше жыл сайын өседі. ЖМЗЖ төлемдерін зейнетке 2038 жылы шығатын қызметкерлер ала бастайды.

«Бұл шара болашақта алатын зейнетақысының мөлшері олардың зейнетақы аударымдарына тікелей байланысты болатын 1975 жылдан кейін туған қазақстандықтарды қолдауға бағытталған. 2024 жылдың бірінші айында ЖМЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарының сомасы 1,1 млрд теңгеден асты», -делінген хабарламада.