Құтқарушылар Атырау облысының тұрғындарын елдімекендерден ұзамауға шақырды
Құтқарушылар Атырау облысында қатты дауыл тұратыны жөнінде ақпарат тарауына байланысты өңір тұрғындарынан алдағы күндері елдімекендерден ұзамауды сұрайды.
«Бүгін Атырау облысының оңтүстігі мен шығысында күн күркіреп, найзағай ойнайды деп күтілуде. Түнде және таңертең облыстың батыс жақ бөлігінде тұман тұрып, желдің жылдамдығы 15-20 м/с жетеді. Ал облыстың солтүстік-батысында өрт қаупі жоғары», – делінген хабарламада.
ТЖД мәліметтеріне қарағанда, Атырау облысында төтенше жағдай әлі де сақталып тұр. Су тасқыны қаупіне байланысты кейбір бағыттар бойынша күрежолдар уақытша жабылды.
«Құтқарушылар облыс тұрғындарынан жолға шықпауды сұрайды. Бұл, әсіресе, Махамбет және Индер аудандарын жалғаған автомобиль жолдарына қатысты, жолдың ол бөліктерінде су басу қауіпі әлі де сақталып отыр», — делінген хабарламада.
Жуырда Жайық өзені жағалауындағы су деңгейінің тез көтерілуіне байланысты Атырау облысының Жалғансай ауылының тұрғындары түннің бір жарымында эвакуацияланған болатын. Құтқарушылар түні бойы апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізіп, бөгетті нығайтумен айналысқан.
Наурыз айында Қазақстан өңірлерінде көктемгі су тасқыны орын алған болатын. Сол кезде билік бірқатар аймағында ТЖ режимін жариялады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдаған үндеуінде су тасқынын «Бұл жолғы су тасқыны ауқымы мен салдары жағынан соңғы 80 жылда болмаған аса ірі апат» деп атаған. Ол барлық зардап шеккен азаматтарға қаржылық және басқа да қажетті көмек көрсетілетінін айтқан.