350 астам отбасы су тасқынында қираған үйлерінің орнына жаңа баспана алды
Қазақстанда өңірлердегі су тасқынынан кейін 356 отбасы қираған баспанасының орнына тұрғын үй мен пәтер алып үлгерді. Бұл туралы Үкімет баспасөз қызметі хабарлайды.
Жалпы ел бойынша 356 отбасы жаңа үйлер мен пәтерлерге ие болды. 1 472 үй салынып жатыр. 1 389 үйде жөндеу жұмыстарын жүргізуге 5,2 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. 3 804 отбасы материалдық шығын үшін жалпы сомасы 657 млн теңгеге өтемақы алған.
«29 625 отбасы 10,7 млрд теңгеден астам сомаға 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алды, барлығы 30 912 өтінім қабылданды. Аталған жұмыстар Қостанай, Ақтөбе, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Абай және Ұлытау облыстарында толығымен аяқталды. Жұмыс Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстарында жалғасуда», – делінген Үкімет хабарламасында.
Қазір өңірлерде 8 863 нысан бойынша залалды бағалау жұмыстары аяқталған. Мал шығыны үшін берілген төлем көлемі 1,6 млрд теңгеге жеткен.
Бұған дейін Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтар мемлекет қолдауынсыз қалмайтынын айтқан болатын. Ол бүлінген мүлікке берілтін өтемақы көлемін әкімдіктер бағалайтынынайтқан.
Атырау облысының әкімі Серік Шапкенов наразылық білдірген Құлсары қаласының тұрғындарымен кездесіп, зардап шеккендерге келтірілген залалды өтеу тәртібінтүсіндірген. Әкімінің айтуынша, су тасқыны кезінде зардап шеккен Құлсары қаласының тұрғындары ақшалай өтемақыларды нысаналы мақсаты – жаңа тұрғын үй сатып алуға, тұрғын үй салуға немесе жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына жұмсай алады. Құлсары қаласы бойынша зардап шеккендердің арнайы нысаналы шоттарына нарықтық бағамен шамамен 200-240 мың теңге көлемінде қаржы түседі.