Жаңалықтар

Қытайлық Fujian Hengwang Investment Co. компаниясы Шымкентте құны 1,75 млрд доллар болатын металлургиялық зауыт салады

Металлургиялық зауыт бес жыл ігінде салынады / Архив: kursiv.media

Қытайлық Fujian Hengwang Investment Co. компаниясы Шымкентте металлургиялық зауыт салады. Жобаны жүзеге асыру барысында аталған компания Қазақстан экономикасына 1,75 млрд доллар инвестициялап, мың жаңа жұмыс орнын ашпақ.

Үш кезеңдік металлургиялық зауыт бес жыл ішінде салынады. Оның жылдық өндірістік қуаты 5 млн тоннаны құрайды. Кәсіпорын экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін әлемдегі ең озық технологияларды пайдаланатын болады.

Тиісті меморандумға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков пен «Fujian Hengwang Investment Co., Ltd» компаниясының басқарма төрағасы Лю Юнмин қол қойған. Зауыт іске қосылса, басқа да бірқатар жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Айта кетейік, Fujian Hengwang Investment Co., Ltd компаниясы болат өндірісі мен халықаралық саудада үлкен тәжірибесі бар Jiangsu Coastal Steel Group Co., Ltd ірі корпорациясының бөлігі.

Естеріңізге сала кетейік, Шымкентте Қытай компаниясы керамикалық зауыт салып жатыр. Зауыт құрылысына шетел компаниясы 50 млн доллар қаржы құйған.

Зауыт нарықты жоғары сапалы қаптау материалдарымен қамтамасыз ететін болады. Инвестициялық жоба жұмысы 70%-ға аяқталған. Зауыт ашылған соң, 700-ге жуық жұмыс орны пайда болады деп жоспарлануда. Жоба бойынша инвестициялардың жалпы сомасы 25,5 млрд теңгені құрайды. Мұндағы қытайлық инвестордың үлесі 100%-ды, яғни 50 млн долларды құрайды.

Ал Қазақстан тарапынан инвесторға 32 гектар құрылыс үшін жер учаскесі бөлінген. Бұл зауыт Орталық Азиядағы ең ірі фарфордан жасалған бұйымдар өндірушілерінің бірі болмақ. Сонымен бірге зауыт өнімдері елдегі қажеттіліктің 34% -ын жабады деп күтіліп отыр.