Араға 11 күн салып, тағы бір қазақ қызы Эвересті бағындырды

Жарияланды (жаңартылды )
Эверест
Жәмилә Баширова Эверест шыңының ең биік нүктесіне көтерілген / Фото: инстаграм @zhamilya_bashirova, коллаж kursiv.media, бильд-редактор Артур Алескеров

Тағы бір қазақ әйелі Эвересті бағындырды. 23 мамырда Непал уақытымен 3:15-те Жәмилә Баширова таудың ең биік шығына шыққан.

Бұл – Жәмиләнің шыңға екінші көтерілуі. Бірінші шыққанында оған сағатына 70 км/сағ құрайтын екпінді жел соғып, шыңды бағындыруға кедергі болған. Сол себепті экспедиция қатысушылары кері қайтуға мәжбүр болған.

Алай бұл жағдай Жәмиланың сағын сындырмаған. Ол Непалда қалып, алға қойған мақсатына қалай да жетуге ниеттенген. Солайша қазақ қызы екінші рет шыңды бағындыруға бел буған.

Жәмилә Башированың бір топ альпинистермен әлемнің ең биік шыңына көтерілгені жайлы «14 Peaks Expedition» компаниясы хабарлаған.

«Біз өз командамыздың әлемнің ең биік шыңына жеткені туралы хабарлаймыз. 2024 жылдың 23 мамырында біздің белді альпинистер Эверест шыңына шықты. Бұл тамаша ерлік біздің экспедициядағы әрбір адамның қажымас қайраты мен қажырлы еңбегін көрсетеді», – делінген компанияның әлеуметтік желідегі парақшасында.

Жәмила Баширова 44 жаста, Семей облысындағы ауылда туып-өскен. Сүт өндірісі саласында қызмет етеді. Жәмиля карантин кезінде Ленин шыңын жеті рет бағындырған альпинист Алексей Криворучкомен бірге тауға шығып бастаған. Содан кейін Қазақстан Республикасының спорт шебері, альпинизм бойынша бірінші санаттағы нұсқаушысы Александр Софрыгиннің жетекшілігімен «Q14 Mountain Club» қазақстандық альпинизм клубында альпинизм бойынша жаттығуларға қатысқан.

Солайша үш жылдың ішінде Жәмила Еуропаның ең биік нүктесі Эльбрусты, Оңтүстік Американың ең биік нүктесі – Аконкагуа шыңын, сонымен қатар Қырғызстандағы Ленин шыңын бағындырған. Ал өткен жылдың күзінде Жәмилә алғаш рет Непалда болып, Лобуче шыңына шығып көрген.

Ал Эвересті бағындыруды Жәмилә бірнеше жылдан бері армандаған. Бұл шыңға шығу қомақты қаражатты талап ететіндіктен, ол ақшасын үнемдеп, жаттығуды тастамай, арманына ұмтылған. Нәтижесінде Эвересті бағындырған екінші қазақ қызы атанды.

Айта кетейік жақында қазақ қызы Анар Бурашева Эверест шығын бағындырды. Ол әлемдегі ең биік шыңға тұңғыш шыққан қазақ қызы болды. Спортшы-скайраннер Анар Бурашева өз сапарын барша қазақ әйелдеріне және елдегі гендерлік теңдік мәселесіне көңіл аударуға арнады. Тарихта Эвересті 799 әйел бағындырды. Анар 800-ші әйел ретінде тіркелді. Альпинист қыздың әлемнің ең биік шығын бағындыруға кететіні жайлы «Курсив» жазған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз