Жаңалықтар

Жалақы мен тұрғын үй төлемдеріне жылына 183 млн теңге кетеді: ІІМ есірткі қылмысымен күресетін жаңа комитет құрады

Есірткі қылмысына қарсы күрес комитеті
Есірткі қылмысына қарсы күрес комитеті қызметкерлерінің жалақысы мен тұрғын үй төлемдеріне жылына 183,3 млн теңге кетеді / Фото: kursiv.media

Есірткі қылмысына қарсы күрес комитеті құрылады. Бұл жайлы «Ашық НҚА» порталына талқылауға шығарылған қаулыда жазылған.

«Қазақстан Республикасы Ішкі Істер Министрлігінің Есірткі қылмысына қарсы күрес комитеті құрылсын», – делінген құжатта.

Құжат түсіндірмесінде Iшкi iстер министрлiгiнің құрылымындағы Есірткі қылмысына қарсы күрес комитетін құру есірткіге қарсы қызметтің негізгі бағыттары бойынша функцияларды сапалы деңгейде орындауға, есірткінің қауіп-қатеріне қарсы іс-қимылдан тұратын ұйымдастырушылық бөлігін мемлекеттік деңгейде жақсартуға мүмкіндік беретіні жазылған.

Ішкі істер министрлігінде осыған дейін 4 ведомство болған. Ал жаңадан құрылатын комитет министрлікке қарасты 5-ші ұйым ретінде тіркеледі.

Комитетті құру мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына» сәйкес жүзеге асырылмақ.

Жаңа комитеттің бөлімшелері мемлекеттік есірткі саясатын қалыптастыру және іске асыру жөніндегі функцияларды жүзеге асырады. Сондай-ақ бұл бөлімшеге қосымша өкілеттіктер мен штат саны берілетін болады. Комитет қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдерін алу құқығы беріледі.

«Жобаны іске асыру штат санын көбейту, қызметкерлердің жалақысын көтеру және тұрғын үй төлемдерін беру үшін мемлекеттік бюджеттен жыл сайын 183,3 млн теңге мөлшерінде қосымша қаржы шығындарын талап етеді», – деп жазылған құжат түсіндірмесінде.

Есірткі қылмысына қарсы күрес комитетінде мынадай штаттар ашылады:

  • комитет төрағасы;
  • комитет төрағасының орынбасары;
  • басқарма бастығы;
  • басқарма бастығының орынбасары;
  • бөлім бастығы;
  • аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкіл;
  • аға жедел уәкіл;
  • жедел уәкіл.

Еске сала кетсек, 2023 жылдың шілдесінде Үкімет қаулысымен ҚР-ның нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілген болатын. Бұл жоспарды жүзеге асыруға бюджет есебінен 53,1 млрд теңге қарастырылған.

Бұл кешенді жоспар негізінде заңнамалық және нормативтік-құқықтық база жетілдіріліп, заманауи есірткі бизнесінің жаңа сын-қатерлері мен қауіп-қатерлеріне қарсы тұрудың тиімділігін арттыру жоспарланған. Қоғамда нашақорлық деңгейін төмендету көзделеді.