Блинкен Грузия басшыларына ескерту жасады: АҚШ «шетелдік агенттер» туралы заңға байланысты визалық шектеу енгізуі мүмкін
Америка Құрама Штаттары «шетел агенттері» туралы заңға байланысты Грузиямен виза беру мәселесін қайта қарастыруы мүмкін. Бұл жайлы АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мәлімдеген.
Жалпы АҚШ «шетел агенттері» заңын Грузияның оппозиция мен демократиялық бостандығын басып-жаншу құралы ретінде бағалаған.
АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Грузия басшылығына визалық санкция енгізілетінін айтпаған, ол тек алдағы уақытта мұндай санкциялар қарастырылуы мүмкін екенін айтқан.
«Грузиядағы демократиялық процестерге немесе демократиялық институттардың жұмысына, соның ішінде 2024 жылғы қазандағы сайлауға дейін немесе сайлау кезінде, одан кейін де нұқсан келтіретін болса, ондай адамның АҚШ визасын алуға және Америка Құрама Штаттарына баруға құқығы болмауы мүмкін. Сол адамдардың жақын туыстары да осы шектеулерге ұшырауы мүмкін», –деп мәлімдеген Блинкен.
Ол «Грузин арманы» партиясы парламент арқылы қабылдаған «сыртқы әсердің ашықтығы» туралы заңды сөз бостандығын шектейтінін және демкоратиялық көзқарасқа кедергі келтіреді деп бағалайды.
Блинкен сонымен бірге грузин билігі жаңа заңмен келіспейтіндерді қорқытып, басып-жаншуға тырысатынын, мұның бәрі Грузия конституциясында жазылған мақсат – еуроатлантикалық қауымдастық интеграциясы мәселесіне қайшы келетінін атап өткен.
«Біз Грузия басшылығы заң жобасын қайта қарайды және елді демократия мен еуроатлантикалық интеграцияға қарай одан әрі ілгерілету үшін қадамдар жасайды деп сенеміз. Бұл елмен арадағы қарым-қатынастарға қатысты шешім қабылдайтын кезде Грузияның осы мәселеге қатысты әрекетін ескеретін боламыз», – деген АҚШ Мемлекеттік хатшысы.
Дәл осындай заңды Қырғызстан да қабылдады. Энтони Блинкен Қырғызстан тарапына да бұл заңға қатысты алаңдаушылық білдіретінін жеткізген еді. Алайда Қырғыз президенті Садыр Жапаров Блинкеннен Қырғызстанның ішкі істеріне араласпауды сұрады. Жапаров заң жобасын Қырғыз мемлекеті осы коммерциялық емес ұйымдарға қаржының қайдан келетінін, қалай, қандай мақсаттарға жұмсалатынын бақылау мақсатында әзірлегенін айтты.
Ал Грузия парламенті заң жобасын мақұлдаған соң, халық бұл заңға қарсы ереуілге шықты. Олар бұл заң жобасын Ресейдің «иноагенттер» туралы заңымен ұқсас келетінін айтқан.
Ереуілдеушілердің қарсылығына қарамастан, Грузия билігі бұл заңнан бас тартпайтынын жеткізген.
«Бұл мәселе бойынша ымыраға келуге болмайды. Мамыр айының ортасында бұл заң қабылданады, ал бірнеше аптадан кейін президенттің ветосы парламентте ескеріледі, содан кейін заң күшіне енеді», – деп мәлімдеген елдің премьер-министрі Ираклий Кобахидзе.
Заң жобасын Грузияның еуроатлантикалық серіктестері де айыптап жатыр. Еуро Одақтың Тбилисидегі елшісі заңның еуропалық құндылықтарға сәйкес келмейтінін айтты. Ал Германия канцлері Олаф Шольц бұл құжат кері қайтарылады деп үміттенді.