Қазақстанда заңдар орыс тілінде жазылып, қазақшаға аударылады: Әділет министрлігі осы тәжірибені кезең-кезеңімен өзгертуді көздеп отыр

Жарияланды
заңдар
Мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілді білу деңгейі төмен, сондықтан заңдар бірінші орыс тілінде жазылып, қазақшаға аударылады / Фото: kursiv.media

Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі заң жобаларының мәтіндерін азаматтарға түсінікті және қолжетімді ету үшін оларды әзірлеудің бірыңғай тілдік ережелерін әзірлемекші. Оның ішінде заңды қазақ тілінде жазу мәселесі де бар.

Министрлік «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне нормашығармашылықты жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасына реттеушілік саясаттың консультативтік құжатын әзірлеген.

Құжат заң шығару жұмысы желісі бойынша Мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіруді көздейді. Құжатта заңдар талқылауға шыққанымен, халықтың ол талқылауларға көп қатыспайтыны айтылған.

«Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңның қабылдануымен НҚА жобалары мен заң жобаларының «тұжырымдамасы» «Ашық НҚА» интернет-порталында жария талқылаулардан өтуде (legalacts.egov.kz,). алайда, белсенді азаматтардың нормативтік құқықтық актілердің жобаларын не басқа да стратегиялық құжаттарды талқылауға қатысуы байқалмайды. Бұл халықтың негізгі бөлігі нормашығармашылық процесіне ықпал ету мүмкіндігіне сенбейтіндігімен және саясаттандырылмағандығымен, сондай-ақ үкіметтік емес-коммерциялық емес ұйымдар өкілдерінің белсенділігінің төмендігімен түсіндіріледі және белгілі бір дәрежеде халық арасында Құқықтық нигилизм бар», – деп жазылған құжат түсіндірмесінде.

Ведомствоның хабарлауынша, 2022 жылы «Ашық НҚА» порталына 708 000 адам кірген. 17 827 жоба орналастырылып, оларға 40 201 түсініктеме түскен. 2023 жылы пайдаланушылар саны 963 000 адамды құрап, 18 100 жоба орналастырылған. Оларға 61 848 түсініктеме түскен. Қазақстанда 20 000 000-нан астам адам тұрады, оның 70%-ға жуығы (шамамен 14 млн адам) 15 пен 65 жас аралығындағы тұрғындар екен. Ал «Ашық НҚА» порталы жұмыс істеген барлық уақытта барлығы 128 882 НҚА жобасы және 274 373 түсініктеме жарияланған.

«Бұл үкіметтік бастамаларды талқылау үшін осы алаңның танымалдығы мен тиімділігі тұрғысынан жеткілікті «жақсы» көрсеткіш саналмайды»,– делінген құжатта.

Министрлік бұл алаңдар заң жобалары мен олардың тұжырымдамаларын талқылау бөлігінде тиімсіз екенін мәлімдеген.

Заңдарды орыс тілінде жазып, қазақшаға аудару тәжірибесі

Сонымен құжат түсіндірмесінде заңдар тілінің күрделілігі және оны құқық қолдану субъектілері түсінбеуі, қазақша НҚА мәтіндерінің орыс тілімен әртүрлі оқылу мәселесі де қиындық тудыратыны жазылған.

Мәселен НҚА-да нормалар ұсыныстарын құрудың лингвистикалық құрылымына бірыңғай талаптар жоқ. Сонымен бірге НҚА мәтіндерін ұсыну стилі бойынша бірыңғай тәсілдің болмауы да айтылған. Ресми бекітілген қазақша заң сөздіктерінің, сондай-ақ мәтіндердің түпнұсқалығын қамтамасыз етуге және адами факторды болдырмауға арналған нормативтік-құқықтық актілер жобаларын аударудың бірыңғай ресми жүйесі де жоқ.

Бұл орайда министрлік мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілді білу деңгейі төмен екенін, сондықтан мемлекеттік органдарға НҚА жобасын орыс тілінде дайындау, содан кейін оны қазақ тіліне аударуды қамтамасыз ету оңай екенін мойындаған.

Оның үстіне лингвистикалық сараптама жүргізілгеннен кейін заң жобалары Парламентте өзгерістерге ұшырайды және осы кезеңде толыққанды лингвоэкспертиза жүргізілмейді. Солайша мәтіндердің толық түпнұсқалығында проблемалар туындауы мүмкін. Бұл ретте екі тілдегі НҚА мәтіндерінің бірдей заңды күші болады.

«Осыған орай, нормашығармашылық қызметінде қазақ тілін одан әрі дамыту мақсатында нормативтік құқықтық актілердің жобаларын орыс тіліне аударуды қамтамасыз ете отырып, оларды қазақ тілінде әзірлеу міндетін кезең-кезеңімен заңнамалық бекіту мүмкіндігін пысықтау маңызды«,– делінген құжатта.

Осы орайда ведомство қазақ тілді заң терминологиясына мәртебе беру туралы шешім ұсынып отыр. Яғни НҚА жобаларын дайындау кезінде ресми бекітілген қазақ заң терминологиялық сөздіктері мен әдістемелік ұсынымдарды пайдалану бойынша әзірлеуші органдарға қойылатын талаптарды нормативтік белгілеуді көздейді.

Министрлік консультативтік құжатта заң жобаларын ғылыми лингвистикалық сараптамамен қамтамасыз ету мәселесін көтерген. Алайда НҚА-ның барлық жобасын ғылыми лингвистикалық сараптамамен қамтамасыз ету үшін орта есеппен бюджеттен 600 млн теңге көлемінде қаражат бөлу қажет болады екен. Сондықтан бұл мәселенің балама шешімі ретінде жасанды интеллект элементтері бар онлайн-аудармашыны әзірлеу, сондай-ақ оның ерекшеліктерін ескере отырып, оның «Қазақ тілінің ұлттық корпусы» жобасымен интеграциялау ұсынылған.

Сондай-ақ оқыңыз