«57,3 млрд теңге тиімсіз жұмсалды»: Абай облысында әкімдік әсерінен 60 бюджеттік инвестжоба жүзеге аспай қалған
Абай облысында сапасыз жобалау-сметалық құжаттар мен әкімдік тарапынан қабылданбаған шаралардың болмауынан 60 бюджеттік инвестициялық жоба жүзеге асырылмай қалған. Бұл туралы ҚР Жоғары аудиторлық палатасы мәлім етті.
Мемлекеттік аудит бірқатар жүйелік кемшілік пен бұзушылықты анықтады.
«Мәселен, облыстың жергілікті атқарушы органдары тарапынан пәрменді шаралардың болмауы, жобалау-сметалық құжаттарының (ЖСҚ) сапасыз әзірленуі және мердігерлермен сот талқылаулары салдарынан 218 бюджеттік инвестициялық жобаның 60-ы пайдалануға берілмеген. Оның ішінде тұрғын үй құрылысы, жылу, электр және сумен жабдықтау жобалары бар»,- делінген аудиторлық палата таратқан хабарламада.
Сондай-ақ Жоғары аудиторлық палата мердігер ұйымдарға 28 құрылыс объектісінде аяқталмаған жұмыстар үшін және мемлекеттік органдардың ғимараттарын жөндеуге 2 млрд теңгеден астам сомаға негізсіз ақы төленгені туралы фактілерді анықтады. Бұдан бөлек, Семей қаласының жолаушылар көлігі бөлімі 2023 жылы қалалық және қала маңындағы қоғамдық көлік маршруттарына тарифтердің дұрыс белгілемеген. Осының салдарынан тасымалдаушыларға 1,3 млрд теңге сомаға субсидияны негізсіз төлеу фактісіне жол берген.
«Көлік инфрақұрылымын дамытуға бөлінген қаражаттың қомақты көлеміне қарамастан (ағымдағы нысаналы трансферттерді есепке алғанда 36,9 млрд теңге), жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар жолдар үлесінің 81,9% – дан 78,7% – ға дейін төмендеуі байқалады», – делінген аудиторлық есепте.
«Семей» ӘКК» АҚ қызметінің тиімділігі төмен екені де анықталып отыр. Аудиторлық палата өңірлік тұрақтандыру қоры толық көлемде құрылмағананын атап өтті. Іс жүзінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бекітілген 19 түрінен 1,2 млрд теңгеге 8 түрі ғана сатып алынған.
«Оның үстіне олардың кейбіреуіне баға асыра көтерілген (17,2 млн теңгеге). Тұрақтандыру қорын қалыптастыруға бөлінген 2 млрд теңгенің 646 млн теңгесі де мақсатты пайдаланылмады. Ал тағы 55 млн теңгесі игерілмеген, бұл өңірдің азық-түлік қауіпсіздігіне кері әсерін тигізуде», – деп мәлімет келтірді тиісті ведомство.
Жалпы, аудит қорытындысы бойынша:
- 9,9 млрд теңге сомаға қаржылық бұзушылықтар;
- 1,9 млрд теңгеге бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау;
- 57,3 млрд теңгеге активтерді тиімсіз пайдалану;
- 687 рәсімдік бұзушылық пен 18 жүйелік кемшілік анықталды.
- 238 факті бойынша материалдар әкімшілік іс қозғау үшін уәкілетті органдарға жіберілді.
Еске салсақ, бұған дейін мемлекеттік аудиторлар Ұлытау облысында 36,4 млрд теңгенің заңсыз жұмсалғанын анықтаған болатын. Бұған бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану, тиімсіз шығындардың көп болуы, сондай-ақ жүйелі жіберілген кемшіліктер себеп болған.
«Жалпы аудит қорытындысы бойынша: 4,1 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар; 1,7 млрд теңгеге бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау; 7,8 млрд теңгеге бюджет қаражаты мен активтерді тиімсіз пайдалану; 22,8 млрд теңгеге шығындар мен жіберіп алған пайда; 12 жүйелік кемшілік пен 203 рәсімдік сипаттағы бұзушылық анықталды», – деп жазылған аудит қорытындысында.