Өңдеу өнеркәсібіндегі несиенің құлдырауына банктердің орасан табысы мен жоғары базалық мөлшерлемесі себеп болып отыр. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мәлімдеді.
Сенатордың айтуынша, өңдеу өнеркәсібіндегі бизнес өкілдерін негізінен қаржыландырудағы қиындықтар алаңдатады. Әшімбаев қазір қаржы нарығындағы несиелік мөлшерлеме 22%-ға жеткенін атап өтті. Бұл жағдай субсидияланатын мөлшерлемелерге қарамастан, саладағы кәсіпорындардың дамуына кері әсер етеді.
«2022 жылдың басынан ағымдағы жылдың сәуіріне дейін банктік несиелеудің жалпы көлеміндегі бизнесті несиелендіру үлесі 51%-дан 43%-ға, ал өңдеу өнеркәсібін несиелеу 14%-дан 12%-ға дейін төмендеді. Біз бірнеше жылдан бері ұзақ мерзімді және қолжетімді қарыз қаражатының тапшылығы туралы айтып келеміз. Ал бұл банк секторының орасан табысы мен Ұлттық банктің жоғары базалық мөлшерлемесі аясында болып жатыр», – деді Сенат төрағасы парламенттік тыңдау барысында.
Мәулен Әшімбаев мемлекет түрлі басым салаларды қаржылай қолдайтынын еске салды.
«Мысалы, Қазақстанның Даму Банкінің (ҚДБ) кредиттік портфелінің 58% – дан астамы металлургияға, мұнай өнімдерін өндіруге және тау-кен өндіру секторына тиесілі. Көбінесе ірі компаниялар қолдау алады, сондықтан қол жетімді және ұзақ мерзімді несиелер өңдеу өнеркәсібін дамытудың басты міндеттерінің бірі болып қала береді», – деді.
Айта кетейік, Ұлттық банк 2024 жылдың I тоқсанында кредиттеу туралы банктерде жүргізілген сауалнаманың қорытындысын жариялады. Сауалнамаға 19 отандық банк қатысты.
Ірі және орта бизнестің кредит алуға сұраныс индексі өсті
Сауалнама нәтижесі бойынша I тоқсанда кәсіпкерлік субъектілері тарапынан кредитке сұраныс негізінен ірі және орта бизнес есебінен ұлғайды. Шағын бизнес көрсеткіші алдыңғы тоқсан деңгейінде сақталды.
Шағын бизнес субъектілері мемлекеттік бағдарламалар аясында тұрақты түрде несие алуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар жекелеген банктер 2023 жылдың соңында іске қосылған кепілді және кепілсіз скорингтік өнімдердің оң әсерін атап өтті. Кейбір банктер клиенттердің тәуекел профеліне қойылатын талаптарды қайта қарады. Нәтижесінде шағын бизнес нысандарының кредит алуға берген өтінімдерінің жалпы саны 6%-ға – 786 мыңға дейін өсті (тоқсаннан-тоқсанға).
Жекелеген банктердің пікірінше, мемлекеттік бағдарламалар аясында қаржыландыруды қайта бастау да орта бизнес тарапынан сұраныстың артуына оң әсерін тигізді. Нәтижесінде орта бизнестің өтінімдерінің жалпы саны 7%-ға – 6,2 мыңға дейін артты. Өз кезегінде ірі бизнестің кредиттік өтінімдерінің саны 6%-ға қысқарды (169). Кредиттік өтінімдерді мақұлдау үлесі бойынша ірі және орта кәсіпкерлік субъектілері көрсеткіші төмендеді. Осылайша, ірі бизнес үшін бұл көрсеткіш 51%, орта бизнес үшін 39%, ал шағын бизнес субъектілері үшін 35% деңгейінде сақталды.
Айта кетейік, Ұлттық банктің 1 сәуірдегі статистикалық мәліметтеріне сәйкес, банк секторының активтері 52,92 трлн теңгені, несие портфелі 30,28 трлн теңгені құраған. Банктердің жалпы пайдасы 569,5 млрд теңгеге жетті. Несиелік ұйымдардың жиынтық капиталы 7,51 трлн теңгені құрады. Сәуір айының ортасында Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 14,75% деңгейінде сақтап қалды. Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов су тасқыны мәселесі шешілмейінше Ұлттық банк ақша-несие саясатын жеңілдетпейтінін айтты. Ақша-кредит саясатының келесі отырысы 2024 жылдың 31 мамырында өтеді.