Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Шығыс Қазақстан облысы Маралды ауылындағы жағдайға қатысты түсініктеме берді. Министр инвесторды наразылық танытудан танбай отырған шағын топтың құрбанына айналғанын айтады.
Ведомство басшысы Маралды ауылына жағдайды түсіндіру үшін өзінің орынбасары барғанын айтты.
«Өкінішке қарай, жауапты шетелдік инвестор экологияны сылтауратып, Маралды ауылының дамуына шектеу қойып отырған шағын топтың құрбанына айналған жағдай орын алды. Менің ұстанымым, егер инвестор келіп ақша, зауыт салса, ауылдың барлық 300 тұрғынына жұмыс орындарын құрса, жолдар мен әлеуметтік инфрақұрылым салуды қолға алса, онда оны қолдау керек. Бірақ тіпті сол ауылда тұрмайтын, алайда инвестордың жұмыс жағдайына қатысты мін айтуға өзін құқылы санайтын адамдар да кезедеседі», – деді министр Сенат кулуарында.
Оның айтуынша, инвестор өз ісіне мығым, жауапты. Осы орайда, министр мемлекет жұмыс орындарын ашуға, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға шетелдік инвесторларды тартуға күш салуы керек деп санайды.
«Мен жағдаймен жақсы таныспын. Сол ауылдың өзінде тұратын Маралды тұрғындары бар және онда тұрмай-ақ жағдайдың ушығуына ықпал жасайтындар да бар. «Бірнеше адам» деп тұрғаным, ауыл тұрғындары емес, жағдайды пайдаланып және өндіріс процесін түсінетін сыңай танытып, халықты дүрбелеңге салып отырғандар жайлы айтып отырмын. Бұл адамдар әлеуметтік желілерде және журналистер алдында осындай шеберліктерін пайдаланып мәселені көтеретіні сонша, шетелдік инвесторлардың өзі Қазақстанмен ынтымақтасуға әрдайым келісе бермейді«,- деді ол.
Сондай-ақ Шарлапаев осы серіктестіктен мемлекет қандай пайда көретінін түсіндірді.
Ең алдымен, бұл жұмыс орындары. Екіншіден, табиғи тау-кен салығының 7,5%-ы. Үшіншіден, алтын «Ұлттық Банк» сатып алатын Қазақстанның алтын-валюта резервіне түсетін болады, – деді Қанат Шарлапаев.
16 мамырда Құрылыс және өнеркәсіп вице-министрі Жәннат Дубирова Маралдыдағы алтын фабрикасының құрылыс жұмыстары 80 пайызға аяқталғанын мәлім еткен еді.
Вице-министр «Маралды» кен орнында алтын өңдейтін фабриканың құрылысына бүгінге дейін қанша қаржы жұмсалғанын айтты.
«Құрылыс жұмыстары 80% аяқталды. Оған 2 млрд 152 миллион теңге жұмсалды. Фабрика құрылысы толығымен министрліктің қатаң бақылауында болады. Сәулет-құрылыс бойынша барлық талап сақталады. Қоршаған ортаға зиян келген жағдайда, барлығы заң шеңберінде тексеріледі», – деді ол.
Айта кетейік, 2013 жылдан бері Маралды ауылының аумағында геологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2022 жылы алтын қоры анықталғаннан кейін, алтын өндіру фабрикасын салу жобасы қолға алынды. Дәл сол жылы фабрика құрылысы басталған. Жобаны тиісті министрліктер мақұлдады, сонымен қатар өндірістің қоршаған ортаға қауіпсіздігі бойынша барлық қажетті қорытынды алынды. Алайда тұрғындар кәсіпорынның алтын кенін ашық әдіспен қазып алып, цианид қоспасымен шаятынына наразы болып келеді. Бұл әдіс табиғатқа зиян келтіріп, өзен мен ауызсуды ластауы мүмкін дегенді айтады.