Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов дүниеден өтті
95 жасқа қараған шағында Қазақ тағамтану академиясының президенті, белгілі нутрициолог Төрегелді Шарманұлы Шарманов дүниеден өтті.
Төрегелді Шарманұлының еліміздің денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі және оның медициналық қоғамдастыққа ғана емес, республиканың барлық азаматтына көрсеткен көмегі ұшан-теңіз.
Ол бүкіл өмірін отандық медицинаны дамытуға арнады. 12 жыл бойы Төрегелді Шарманұлы Денсаулық сақтау министрлігін басқарып, медициналық-санитариялық алғашқы көмектің теңдесі жоқ жүйесін құрды. 1974 жылдан бастап еліміздің жетекші ғылыми ұйымдарының бірі – Қазақ тағамтану академиясының тұрақты басшысы болды.
Төрегелді Шарманұлы әлеуметтік-гуманитарлық саладағы үздік жетістіктері және денсаулық сақтауды дамытуға қосқан зор үлесі үшін берілген Қазақстан Республикасының ең жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – Еңбек ері атағын, сондай-ақ Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының ең жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – Леон Бернард сыйлығымен қоса көптеген марапатқа ие болды, бұл оның халықаралық аренадағы айрықша еңбегін көрсетеді.
Академик Шарманов Төрегелді Шарманұлының есімі медицина тарихына алтын әріптермен жазылған және болашақ ұрпақ үшін үлгі болады.