Мәһроэкономика сабағы. Қалыңдығыңыз енді бастап жатқан инвестор болса, шариғат талабына сай қандай сыйлық берген дұрыс
Ислам дінінде некелескен жарына ері «мәһр» деп сыйлық береді. Бұл – міндетті талап. Қалыңдықтың өзіне берілетін сыйлықтың нақты құны айтылмаған, дегенмен сыйлықтың ең минимал құны белгіленген. Берілген тарту қалыңдық мүлкі саналады, алда-жалда жұп ажырасып не күйеуі бақилық болса, сол сыйды сатып, бастапқы уақытта күн көруге жарасын деген мақсаты бар. «Курсив» инвестиция тұрғысынан мәһрге не сыйлаған дұрыс деген сауалға жауап іздеп көрді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ақпаратына сүйенсек, исламдағы отбасы ережелерінде мәһр – некелескен еркектің қалыңдығына беретін сыйы. Бағалы сыйлық еркектің ниетін, некеге жауапкершілікпен қарауын білдірсе, қалыңдықтың бұл сыйды бағалап, ұқыпты қарауы – адалдығының белгісі.
ҚМДБ дерегіне назар салсақ, мәһр құны жоқ дегенде 10 дирхам немесе сол шамалас болуы керек. Ханафи мәзһабында ол 33,6 грамм күміс немесе 4,8 грамм алтынға (Ұлттық банк курсы бойынша 164,6 мың теңге) тең. Максимал құны белгіленбеген, дегенмен екі жақтың материал жағдайы ескерілуі тиіс. ҚМДБ-ға қарасты Пәтуә бөлімі мәһрді бірден өтеу мүмкін болмаса, бөліп беруге болатынын айтады. Мәһр түсінігі қазақ үшін жат емес. Өйткені қазақтың ата-бабамыздан қалған салт деп қалыңдық отбасына қалың мал беретіні көпшілікке мәлім. Оның да мөлшері жігіт жақтың материал, әлеуметтік деңгейіне байланысты. Тек мәһр қыздың отбасы емес өзіне берілетіндіктен, құнын өзі белгілей алады.
Кейінгі кезде әлеуметтік желілерде қыздардың мәһрге не сұрайтыны туралы видеолар жиілеп кетті. Қанша қыз болса – сонша пікір. Бірі үй, екіншісі көлік сұраса, басқасы Мальдив аралдарына жолдама талап ететінін айтты. DAMU Capital Management бас директоры Мұрат Қастаевтың айтуынша, мәһр ретінде құнын жоғалтпайтын, тіпті уақыт өте бағасы арта түсетін дүние сыйлаған дұрыс.
«Жиі сұралатын сыйлық – бағалы әшекей. Көбіне алтын мен күміс деп жатады. Жылжымайтын мүлік беру мүмкіндігі болса тіпті жақсы. «Мынадан аспасын» деген жоқ, бірақ еркекке салмақ салмауы да керек. Қаржылық мүмкіндігі жетпейтін, сол үшін несие алатын болса, дұрыс емес», – дейді Мұрат Қастаев.
Қымбат металдар
Мәһр ретінде өзі қолданатын немесе сатып жібере алатын кез келген нәрсе сыйлауға болады. Алтын мен басқа да қымбат металл, жылжитын және жылжымайтын мүлік, ақша және басқалары. Инвестиция тұрғысынан қарасақ, қымбат тастар мен металдар сыйлаған тиімді.
Қазақстандықтар қымбат металдардан көбіне платина, алтын мен күміске ден қояды. Осылардың ішінде ең қымбаты – платина. 50 троя унциясы 1000 АҚШ долларынан асып түседі. Алайда уақыт шеңберінен қарағанда платина инвестиция үшін аса тиімді актив емес. 2014 жылға дейін қымбат болғанымен, кейін 1500 АҚШ долларынан бірте-бірте арзандап, қазіргі құнына жетті. Бір кездері бағасы шарықтағанда 1900 долларға жетсе, минимал құны 2020 жылғы наурызда 730 АҚШ долларын құраған.
Қазақстандағы әшекей дүкендерінде платинадан жасалған бұйымдар құны 450-635$ аралығында. Гауһар тасты сырғалар 500 мың теңгеден басталып, 3,7 млн теңгеге дейін барады. Дегенмен қазақстандық интернет дүкендерде таза платинадан жасалған бұйымдар өте аз. Көбіне бұйымдарды алтын сияқты басқа да қымбат металл қосып немесе ерітіп жасайды.
Алтын унциясы 2,4 мың доллардан сатылып жатыр. 2019 жылғы мамырда алтын бағасы 1,3 мың доллар болатын. Сәйкесінше, кейінгі 5 жылда металл бағасы шамамен екі есе қымбаттаған. Қазақстанда әртүрлі тастармен көмкерілген не таза алтын бұйымдар 33,6 мың теңгеден басталып, ең қымбаты 12,4 млн теңгеге жетеді. Бұл металл инвестиция тұрғысынан қарағанда тиімді актив саналады. Алтын стандартынан бас тартпағанша, бірнеше жүз жылдар бойы нарықтық экономиканың негізі саналып келді. 2000 жылдан бастап бағасы 283 доллардан 2,4 мың долларға дейін өсіп отырды.
23 мамырдағы статистикаға сүйенсек, күміс бағасы 0,97 доллардан басталады. Бес жыл бұрын күміс құны 0,42 доллар тұратын, яғни бүгінгі бағасынан 2,3 есе арзан. Ұлттық банк дерегіне қарасақ, 23 мамырда 1 грамм күмістің Қазақстандағы бағасы – 451,9 теңге. 23 мамырда бағасы 2,5 теңгеге қымбаттаған. Бір ай бұрын Қазақстанда күмісті 384,5 теңгеге сатып алуға болатын еді. Осы металдан жасалған әшекей бұйымдар 500 теңге мен 700 мың теңге аралығында сатылады. Күмістің де бағасы тұрақты қымбаттап тұратындықтан, тиімді инвестиция қатарына жатқызуға болады. Бірақ алтынға қарағанда күміс бағасы жиі құбылады.
Қымбат металдарды коллекциялық және инвестициялық монеталар немесе құймалар түрінде де сыйлауға болады. Ең ауыр алтын монеталардың салмағы – 2 килограмм, бағасы 100 мың теңге шамасында. Инвестициялық монета құны жасалған металға байланысты. Оған қоса Ұлттық банктің коллекциялық монеталарын сатып алуға болады. Алтын, күміс нейзильбер (қола, мырыш пен никельдің қоспасы) және басқа металдардан жасалған монеталар құны 14 мың мен 510 мың теңге аралығында. Одан басқа қазақстандық банктерде 5-100 грамм аралығындағы алтын құймаларды сатып алу мүмкіндігі бар.
Қымбат тастар
Қымбат тастар арасында гауһар, зүбаржат, анартас, лағыл, малахит, сутас, бирюза және басқалары танымал. Мысалы, Израиль және Ресей биржаларында гауһар сияқты қымбат тастар 9,3-2,2 млн доллар аралығында сатылады. Құн салмақ, өлшем мен формасына, басқа да сипаттарына байланысты. Гауһар тастардың ішінде ең сирек кездесетіні – қызыл гауһар. Оған тек ауқатты адамдардың қолы жетеді. Себебі аукциондар мен биржаларда ғана табылады. Бұл жақсы салым саналады. Өйткені қызыл гауһар сиреп бара жатыр. Демек бағасы да жыл сайын қымбаттайды. Қазір 1 карат 1 млн доллар тұрады.
Ақша
Ақша да мәһр саналады. Бірақ инвестиция тұрғысынан теңге тиімсіз, өйткені кейінгі 30 жылда қазақстандық валюта долларға шаққанда 30 есе құнсызданған. Оған қоса теңге бағамы құбылмалы, мұнай бағасына, геосаяси жағдайға және басқа да факторларға тәуелді
Әлемдегі ең құнды валюта – кувейт динары. АҚШ долларына шаққандағы бағасы 3,26 доллар, ал теңгеге шаққанда – 1440 теңге. Қазақстандықтар жиі сатып алатын әрі тұрақты валюталар – фунт стерлиң мен АҚШ доллары. Бір фунт стерлиң 562 теңге тұрады. Кейінгі бес жылда бағасы 17%-ға қымбаттады. Ал АҚШ доллары 23 мамырда 441,79 теңгеге сатылған. Бұл бес жылда 16,5%-ға қымбаттағанын білдіреді. АҚШ доллары – әлемдегі ең тұрақты валюталардың бірі. Қазақстан сияқты көптеген ел доллармен санағанды жөн көреді.
Көлік пен техника
Қыздардың көбі мәһр сыйлығы ретінде көлік сұрап жатады. Тағы да инвестициялық көзқараспен қарасақ, көлік аса тиімді сыйлық емес. Өйткені көлік жыл өткен сайын ескіреді, жүріп өткен жолы артады, жаңа көліктер шығатыны тағы бар. Ал коллекциялық немесе шектеулі серияда ғана шығатын көлік – жақсы инвестиция. Мысалы, kolesa.kz сайтындағы ретро көліктердің бағасын шолып шықсақ, 400 мың теңге мен 125 млн теңге аралығында. Қазақстандық қалыңдықтар жиі сұрайтын көліктердің қатарында Lexus, Mercedes, Range Rover бар. Жаңа Lexus көлігін 24,5 млн теңгеден бастап 91 млн теңге аралығында сатып алуға болады. Су жаңа S класс Mercedes-Benz көлігінің бағасы 55,3-160 млн теңге аралығында. Көлікті айдаған сайын құны арзандайды. 10 жылдан бері жүріп жүрген көлік нарықта тіпті бағаланбайды. Мәселен, 1992 жылғы Mercedes-Benz S 300 көлігін қолдан алам десеңіз, 1,5 млн теңгеге таба аласыз. 2000 жылы шыққан Lexus RX 300 болса, 3,1 млн теңгеге сатылып жатыр. 2015 жылы шыққан Lexus RX 350 8 млн теңге тұрады.
Техниканың да жайы осындай. Көбі iPhone, ноутбук немесе тұрмыстық техника (көбіне тігін машинасы) сұрайды. Бірақ уақыт шеңберінде қарасақ, бұлар да тозып қалуына байланысты жақсы инвестицияға жатпайды. Жыл сайын жаңа моделі шығады, ал ескілері арзандай береді. Мысалы, интернет дүкендерде 256GB-тік iPhone 15 Black 530 мың теңге тұрады. 2023 жылғы күзде жаңа моделі шыққанда ең қымбат iPhone бағасы 1,5 млн теңгеге жеткен. Ал қазір ең қымбат iPhone 15 бағасы 2 млн-нан сәл асады. Ал 2019 жылы шыққан iPhone 11 бағасы 270 мың теңгеге сатылып жатыр. Ал сол модель шыққан жылы бағасы жарты миллионға жуық болатын. Сонда 5 жылда 11- iPhone бағасы екі есе арзандап кеткен. Сондықтан мұны тиімді инвестиция деуге келмес. Бұл мысал ноутбук пен тігін машиналарына да қатысты.
Жылжымайтын мүлік
Танымал сыйлықтар арасында үй мен жер телімдері бар. Әлбетте, пәтер – жақсы инвестициялық актив, бірақ барлығы тұрған жері, үй салынған жыл, жөндеуіне байланысты. Krisha.kz сайтына назар салсақ, еліміздегі ең арзан баспана Қостанай облысында 800 мыңға сатылып жатыр. Бір бөлмелі пәтердің ауданы – 20 шаршы метр. Ал ең қымбаты – Алматы қаласында, 1,8 млрд теңге тұрады. Бес бөлмелі үйдің ауданы – 522 шаршы метр. Елімізде баспаналардың орташа бағасы – 19,3 млн теңге, ал бір бөлмелі пәтерді 13,2 млн теңгеге сатып алуға мүмкіндік бар.
Krisha.kz-тегі хабарландырулардың арасындағы ең арзан жер үй Павлодар қаласында сатылып жатыр. Бағасы – 20 мың теңге. Суреттерге қарасақ, жиһаз бен суға түсетін кабина бар. Ауданы – 100 шаршы метр, үш бөлмелі. Ал ең қымбат жер үй де Павлодар облысында. Бес бөлмелі үй 27,5 млрд теңге тұрады.
Жылжымайтын мүлік тек баспана ретінде ғана емес, инвестиция тұрғысынан да тиімді. Мысалы, 2018 жылы пәтердің бір шаршы метрі 186 мың теңгеге, ал жаңа салынып жатқан үйдің бір шаршы метрі 267 мың теңгеге сатылған. 2024 жылы жаңа пәтерлердің бір шаршы метрі 487 мың теңгеден, ал ескі үйлердікі 370мың теңгеден басталады. Кейінгі бес жылда пәтер бағасы екі есе қымбаттаған.
Кейде мәһр ретінде жер телімдерін сыйлайды. Үй салуға арналған ең арзан жер Маңғыстау облысында сатылып жатыр. Иесі 5 гектар жер үшін 125 мың теңге сұрайды. Ал ең қымбаты – Алматы облысында. 26 гектар жердің құны 4,5 млрд теңге тұрады.
Қаржылық құралдар
Шариғатқа сай инвестициямен айналысу халал деп аталады. Мұсылмандарда қор биржаларында саудаласа алады, бірақ белгілі ережелерді сақтауы керек. Исламда пайызға қатысты келісімдерге тыйым салынған. ҚМДБ ақпаратына сүйенсек, адал өнім өндіретін, шариғатқа қайшы іспен айналыспайтын компаниялардың акцияларын сатып алуға, сатуға рұқсат берілген.
Мұсылмандарға ішімдік пен шылым, қару, шошқа, ересектерге арналған тауарлар, құмар ойындар, несие, музыка мен киноға қатысты компаниялармен жұмыс істеуге тыйым салынған. Ондай акцияларды инвестиция ретінде қарастыруға болмайды. Оған қоса құнды қағаздар сатып алуға рұқсат жоқ. Сатылатын акциялар да сатушының өзіне тиесілі болуы керек, брокер компаниялардан несиеге алынған акцияларды сатуға болмайды.
Мұсылмандарға ETF-ке (exchange traded fund немесе биржада сататын қорлар) ақша салуға шектеу жоқ. Бұл құрал бір акцияға ғана ақша құймай, бірнеше акцияның кішігірім бөліктеріне бірден ақша салуға мүмкіндік береді. Ислам ETF қатарына ислам ережелерін сақтайтын компаниялар кіреді. Олар әдетте шариғат заңына қайшы келетін компанияларды алып тастап, әлемдік танымал биржа қорлар тізімін қайталайды.
Ең танымалы – SP Funds S&P 500 Shariah Industry Exclusions ETF (SPUS), оған әдеттегі 500 емес 200 компания (Apple, Microsoft, Nvidia, Tesla, Johnson & Johnson, Procter & Gamble, Exxon Mobil, Visa, Chevron) кіреді. Басқа да адал ETF тізімінде Wahed FTSE USA Shariah ETF (HLAL), Wahed Dow Jones Islamic Wrld (UMMA), SP Funds Dow Jones Global Sukuk ETF (SPSK) және басқалары бар. Қазақстандық ITS биржасында ITS Shariah жеке ислам индексі бар. Оған ITS-те сауда жасайтын, ислам талаптарын сақтайтын капитализациямен айналысатын ірі 30 компания кіреді.
Қарыз құралдары исламда арам саналады, сондықтан мәһрге облигация, вексель, жинақ және депозит сертификаттарын, қазынашылық міндеттер мен басқаларын сыйлауға болмайды. Одан бөлек фьючер мен опциондық келісімдерге де тыйым салынған. ҚМБД бұл тыйымды несиеге сатумен байланыстырады.
Ислам депозиттерге қатысты шектеу қоймаған, бірақ бұл жерде қарапайым депозиттер емес. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры депозиттерге банк пен тұтынушының белгілі бір жобаға ортақ инвестициясы ретінде қарайды. Осы ретте тарқатып айта кетейік. Салымның төрт түрі бар:
- қажет кезде ала алатын пайызсыз салым («Вадиа»);
- «Мудараба» (жоспардағы пайданы бөлу бойынша келісім);
- «Вакала» (күтетін пайда мен табыс мөлшерлемесіне қатысты келісім);
- тауарлық «Мурабаха» (ақша табу мақсатында жасалатын келісім, екі келісімшарттан тұрады: төлейтін күнін шегеріп банк тауар сатып алады).
Қазақстанда Ислам банкиңі 1995 жылдан бері, яғни Қазақстан Ислам даму банкіне қатысушы болғаннан бастап жұмыс істеп келеді. Заң 2009 жылы жазылды. Республикамызда ислам қаржыландыруы принциптеріне сай жұмыс істейтін екі банк бар: Al-Hilal мен Заман-Банк. Кейінгі бес жылда (2019 жылдан бастап) ислам банктерінің активтерінің өсімі 19,4%-ды құрады, ал басқа банктердікі – 13,7%. Дегенмен ислам банктерінің активі қазақстандық банктардың бірлескен активтерінен 0,4% аспайды, ал жеке тұлғалардың салымының үлесі – 0,01%.
Шариғатқа сәйкес несие беруге де, алуға да тыйым салынған. Бірақ ислам банктері қарызды қаржыландыру деп атап, ал пайызды бағасын арттыру деп көрсетеді. Ол алдағы инфляция, тәуекелдер мен табыс нормасынан есептеледі.
Тәуекелі жоғары активтер
Тәуекелі жоғары активтерге аз ғана уақытта көп табыс (30%-дан көп) табуға уәде беретін активтер жатады. Ислам діні аса тәуекелді саналатын активтерге ақша салуға тыйым салады. Оған криптовалютаны жатқыза аламыз. Оған тек тауар мен қызмет сатып алуға болады, бірақ стейкиң (сыйақы үшін активтерді блоктау) мақсатында пайдалануға болмайды. Осы ретте ҚМДБ шариғат бойынша кез келген ақшаны мемлекет жасап шығарып, қорғауы керегін еске салады. Барлық процесс ашық болуы керек, ал валюталар мемлекеттік органдар бақылауында болуы шарт.
Материалды емес сыйлықтар мен эмоция сыйлайтын тартулар
Білім беретін әртүрлі курстар, фитнес залдарға абонемент сияқты сыйлықтар беруге болады. Аз уақыт ішінде осы сыйлықтың қаржылық тиімділігін көру мүмкін емес болар, бірақ сол сыйлық арқылы игерген білім мен дағды өмір бойына азық болып, келешекте оң өзгеріске бастары сөзсіз.
ҚМДБ мынадай мысал келтіреді: Неке қию кезінде бір қалыңдық күйеуі Құран оқуды үйретсе жеткілікті деген тілегін айтыпты.
Одан бөлек мәһр ретінде саяхат сыйлауға да болады. Бұл да материал пайда бермегенімен, жақсы естелік пен көңіл күй сыйлайды.