Жаңалықтар

Қытайда чипмейкерлердің акциясы салалық ең ірі инвестициялық қор іске қосылғаннан кейін қымбаттады

Қытай елдегі ең ірі қорды құрды/ Фото: Unsplash/Yogesh Phuyal

Жартылай өткізгіш секторына инвестиция салу үшін Қытай елдегі ең ірі қорды құрды. Оның мақсаты – АҚШ-тың шектеулерінен тәуелсіз болу үшін ішкі чип өндірісін дамыту және осы салада дербестікке қол жеткізу. Дүйсенбі, 27 мамырда, қытайлық екі ірі чипмейкердің акциясы күрт қымбаттады.

Толығырақ

Bloomberg Tianyancha компаниясының тіркеу  деректері салынған онлайн платформасына сілтеме жасай отырып: National Integrated Circuit Industry Investment қорының үшінші кезеңі Қытай үкіметінен, бірқатар мемлекеттік банктер мен компаниялардан, соның ішінде Қытайдың Өнеркәсіп-сауда банкінен (ICBC) және Шэньчжэнь үкіметіне тиесілі инвестициялық компаниялардан 344 млрд юань ($47,5 млрд) жинады, – деп хабарлады. Шэньчжэнь үкіметі Қытайдың оңтүстігіндегі бірнеше чип зауытын қаржыландырады деп атап өтті агенттік.

Big Fund III деп аталатын қор ресми түрде 24 мамырда құрылды. Бұл қордың құрылуы – АҚШ өзінің чип шығаратын одақтастарын (соның ішінде Нидерланд, Германия, Оңтүстік Корея және Жапония) Қытайдың озық технологияларға қол жеткізуін шектеуге үгіттеп жатқан тұста, Қытайдың жартылай өткізгіштерді жеткізуде өз тізбегін құруға ұмтылып жатқанын көрсетеді, деп санайды Bloomberg.

Агенттік мамыр айының ортасында: АҚШ, Еуроодақ және басқа елдер жартылай өткізгіштердің жаңа буынын жасауға 81 млрд долларға жуық қаражат бөлді, – деп жазды. Бейжің технологияны әскери мақсатта қолдануы мүмкін деген желеумен, АҚШ соңғы жылдары Қытайға чиптер мен процессорларды жеткізуді бірнеше рет шектеді деп атап өтті Reuters.

Қытайдың қаржы министрлігі (қордың ең ірі акционері — 17%) Reuters-тің сұрауына жауап бермеді. Қордың бірінші кезеңі (Big Fund I) 2014 жылы, ал екіншісі 2019 жылы құрылды деп хабарлады агенттік. Big Fund бұрын екі маңызды чипмейкерге — Semiconductor Manufacturing International Corporation (SMIC) және Hua Hong Semiconductor-ға, сондай-ақ компьютерлік жад чиптерін өндіруші Yangtze Memory Technologies-ке және басқа да кішігірім компанияларға қаржы бөлді деді Reuters.

Акцияның жайы

Дүйсенбіде қытайлық чип өндірушілердің құнды қағаздары күрт қымбаттады.

— Қытайдың ең ірі чипмейкері SMIC-тің акциясы сауда барысында 7,3%-ға – 16,46 гонконг долларына ($2,11) дейін қымбаттады. 22 мамырда Counterpoint Research бұл компанияны 2024 жылдың бірінші тоқсанындағы қорытынды бойынша кіріс көлемі жөнінен әлемдегі үшінші чип өндіруші деп атады.

— Hua Hong Semiconductor акциясы бір сәтте 9%-ға – 19,4 гонконг долларына дейін ($2,48) өсті.

Контекст

Мамыр айында Қытай билігі елдегі желілік инфрақұрылым операторларына ақпараттық инфрақұрылым мен ұлттық қауіпсіздікке «елеулі қатер төндіретінін» алға тарта отырып, америкалық Micron чип өндірушісінің өнімдерін сатып алуға тыйым салды. АҚШ Бейжіңнің бұл күдігін жоққа шығарды.

Компанияның қаржы директоры Марк Мерфи Қытайдағы сатылымның азаюына байланысты, кіріс 10%-дан төмен болады деп бағалайды. Ал Reuters сауалнамасына қатысқан сарапшылар Қытайдың іс-әрекеті салдарынан Micron компаниясының кірісі тек 2%-ға азаятынын айтуда.

Нарықтағы ең ірі компания Nvidia-ның басшысы Дженсен Хуанг Вашингтон мен Бейжің арасындағы дүрдараздықтың күшеюіне байланысты, АҚШ-тың технология индустриясы айтарлықтай қиындықтарға тап болуы мүмкін екенін бұған дейін ескерткен болатын. Оның айтуынша, АҚШ-тың экспортты бақылау шаралары Nvidia-ның адымын аштырмай отыр. Ал АҚШ шектеулер енгізгеннен кейін, Қытай өз чиптерін жасауға күш салуда деп атап өтті Хуанг.