Жаңалықтар

Golden Goose аяқ киім бренді IPO-ға жақындай түсті – Bloomberg

Қымбат аяқ киім шығаратын Golden Goose осы аптада алдағы листинг жайлы ресми түрде жариялай алады деп жазды Bloomberg/ Фото: Shutterstock

Италиялық Golden Goose киім және аяқ киім бренді осы аптада-ақ көптен күткен IPO-ны бастап, өз акциясын биржаға шығарғанын ресми түрде жариялай алады деп жазды Bloomberg дереккөздерге сілтеме жасап. Компания шамамен 3 млрд еуроға бағалануы мүмкін. Еуропалық компаниялар биыл нарыққа бірінші шығуында бұрынғыға қарағанда екі есе көп ақша жинады. Bloomberg атап өткендей, Golden Goose IPO-сы басқа премиум санатындағы брендтердің сатылымы туралы әлсіз деректерге көлеңке түсіруі ықтимал.

Толығырақ

Golden Goose осы аптада әлеуетті инвесторлардың оң пікірін алғаннан кейін, Миландағы биржаға акция шығаратынын егжей-тегжейлі ашып айта алады деп жазды Bloomberg өз дереккөздеріне сілтеме жасап. Инвесторлар аяқ киім компаниясын биылғы болжанған кірістен шамамен 11 есе жоғары бағалауы мүмкін дейді агенттік дереккөздері. Bloomberg-тің есебінше, таза қарызды ескергенде, Golden Goose-тың бағасы шамамен 3 миллиард еуро ($3,3 млрд) болмақ.

Компанияның акциясын саудалау шілде айына дейін басталуы мүмкін, бірақ келіссөздер әлі де жалғасуда, ұсыныстың егжей-тегжейі, оның ішінде мерзімі мен көлемі өзгеруі мүмкін деп түсіндіреді Bloomberg-ке сұхбат беруші.

Бұл жайында Golden Goose өкілдері мен Permira брендінің иелері пікір айтудан бас тартты.

Golden Goose IPO-сы туралы белгілі жайттар

2020 жылы Golden Goose-ті 1,3 миллиард еуроға сатып алған Permira жеке инвестициялық компаниясы былтыр жазда өз активін сату жөнінде ойланған болатын, бірақ IPO-ның пайдасына орай бұл жоспарын өзгертті деп жазады Bloomberg. Қазан айында Golden Goose Милан биржасындағы листингті зерттеу үшін, қаржылық кеңесші ретінде Lazard-ты таңдады дейді Reuters екі дереккөзге сілтеме жасап.

Қараша айында Golden Goose алдағы ықтимал листингке қызығушылық танытқан инвестбанктер үшін Миланда іс-шара өткізді. Оған онға жуық банктің өкілдері қатысты, ал кем дегенде 20 инвестбанкир ықтимал клиенттерге әсер қалдыру үшін, кездесуге Golden Goose-тың спорттық аяқ киімін ресми костюмге үйлестіріп киіп келді деп сипаттады Bloomberg. Сол кезде компанияның құны 3 млрд еуродан 4 млрд еуроға дейін ($3,3 млрд-тан $4,4 млрд-қа дейін) бағаланды деп жазды Bloomberg дереккөздерге сілтеме жасап.

Контекст

Қор нарығындағы рекордтық деңгейге жеткен бәйге биыл компаниялардың қоғамдық нарыққа сәтті шығуына ықпал етті деп жазады Bloomberg. Жыл басынан бері еуропалық компаниялар IPO барысында $12,4 млрд жинады – бұл былтырғы осыған сәйкес кезеңмен салыстырғанда екі есе көп.

Paco Rabanne және Carolina Herrera брендтеріне иелік ететін испаниялық Puig парфюм-косметика тобы мамыр айында премиум-брендтер сегментіндегі соңғы үш жылдағы ең ірі IPO-да 2,6 млрд еуро жинады. Еуропадағы ең ірі инвесткомпаниялардың бірі саналатын британиялық CVC Capital Partners акциялары Амстердамдағы сауданың бірінші күні бастапқы бағасынан 23,6%-ға дейін өсті. Бұл Еуропадағы IPO-дан кейінгі үш жылдағы $1 млрд-тан асқан ең жақсы биржалық дебют болды деп жазды Bloomberg.

Дегенмен Golden Goose люкс тауар өндірушілердің бизнесі баяулап тұрған уақытта IPO-ны жоспарлап отыр деп атап өтті Bloomberg. Kering SA компаниясы өзіне тиесілі Gucci брендінің сатылымы Қытайдағы сұраныстың төмендігіне байланысты бірінші тоқсанда 18%-ға төмендегенін мәлімдеді. LVMH бір жыл бұрынғы 18% өсіммен салыстырғанда биыл бірінші тоқсанда сәнді киімдер мен былғарыдан жасалған бұйымдардың органикалық сатылымы 2% болғанын хабарлады.

Golden Goose-тың Италияда қолдан тігілген, арнайы көнертілген дизайнмен жасалған әрі үлкен жұлдызы бар аяқ киімін Селена Гомес пен Тейлор Свифт сияқты атақты әншілер киеді. Компанияның сайтындағы кроссовкалардың бағасы, шамамен, 500 евродан басталады.