ФРЖ-ның тәуелсіздігі туралы Байден мен Трамптың арасындағы пікірталас, Үндістан нарығы саяси дүдәмалдыққа орай жаппай сатылымды күтуде, Nvidia акциялары неге үлкен «көпіршіктен» тыс. Өткен демалыс күндері жарық көрген осы және басқа да тақырыптар туралы әлемдік БАҚ-қа шолуды оқыңыз.
Nvidia акциялары неге үлкен «көпіршіктен» тыс?
Yahoo Finance Nvidia-ның акцияларына қатысты тенденцияны талдады. Уолл-стрит сарапшыларының көбісі компания биыл және келесі жылы пайда табудың жаңа деңгейіне ұмтыла береді деп санайды. Алайда америкалық БАҚ әлі де Nvidia туралы бірнеше сыни пікірді растайтын дәлел табуға тырысып жатыр.
Нарық көшбасшысына акция құнын негізсіз өсіретін және жекелеген инвесторлар ойланбастан, жапа-тармағай сатып алуға ұмтылатын «көпіршіктің» негізгі белгілері тән емес деп қорытынды жасайды басылым. NVIDIA-ның бірінші тоқсандағы есебі кірістің 461%-ға, сатылымның 262%-ға өскенін көрсетті. Сондықтан акциялардың жарысын ақтауға болады. Әсіресе, Amazon да, Apple де өз даму барысында әлі көшбасшыны қуып жете алмай келеді.
Жасанды интеллектіні дамыту және оны тәжірибеде қолданудың перспективалары жайлы айтсақ, бұл технология «жаңа технологиялық құрылымның» бастауы екеніне күмән жоқ.
Үндістан нарығы саяси дүдәмалдыққа орай жаппай сатылымға дайындалып жатыр
Үндістанның қарқынды дамып келе жатқан қор нарығына ел премьер-министрі Нарендра Модидің билеуші партиясының рейтингі төмендеуіне байланысты жаппай сатылымға ұшырау қаупі төніп тұр деп хабарлайды Bloomberg. 2024 жылғы 19 сәуір мен 1 маусым аралығында Үндістанда жеті кезеңнен тұратын парламент сайлауы өтеді. Ал оның қорытындысы 4 маусымда жарияланады.
Егер Моди партиясының парламенттегі орын саны азайса, оның ауқымды реформа жасау жөніндегі жоспарына қауіп төнеді. Оның ішінде жер және еңбек заңнамасын қайта қарау бар. Ал бұл болмаса Модидің 2050 жылға қарай Үндістанды дамыған елдер санатына қосу туралы мақсаты іске аспайды.
Басқарушы партияның құлауы жергілікті акциялар мен облигациялар нарығының құбылуына, сонымен қатар тек екінші тоқсанда шамамен 6,3 млрд доллар шетелдік капиталдың жылыстауына әкеп соғады. ANZ Group Holdings Ltd компаниясының Азияны зерттеу бөлімінің басшысы Кхун Го: рупия да қысымға ұшырайды деп болжап отыр.
АҚШ-та жеке тұтынуға қатысты шығындар төмендеуі мүмкін
ФРЖ инфляция көрсеткіші деп пайдалануды ұнататын – жеке тұтыну шығындары – сарапшылардың пікірінше, сәуір айының қорытындысында төмендейді, деп жазады Bloomberg. Деректер жұма күні жарияланады және нарық қатысушылары күткендей, азық-түлік пен энергияны алып тастағанда, жеке тұтыну шығындарының баға индексі өткен айда 0,2%-ға өседі. Бұл – биылғы жылдың ең төменгі көрсеткіші. Bloomberg-тің консенсус-болжамына сәйкес PCE бағасының жалпы индексі 0,3%-ға өсуі мүмкін. Жылдық мән бойынша PCE негізгі индексі 2,8%-ға артады (азық-түлік пен энергияны қоспағанда – 2,7%).
Bloomberg Economics зерттеуі: «Есеп, бәлкім, бағаның төмендеу қарқыны әлі толық баяуламағанын көрсететін кейбір игі белгілерді алға тартады, – дейді. – Салқын еңбек нарығына кірістің өсу қарқынының баяулауы әсер етуі кәдік, бұл жылдың қалған бөлігінде ұзақ дефляциялық импульске ұласады. Дегенмен инфляция биыл ақырын төмендеуі мүмкін».
Ағымдағы аптада, сәрсенбіде ФРЖ-ның экономиканың жай-күйі туралы есебі де жарияланады. Экономистер сәуір айындағы ЖІӨ көрсеткішін қайта қарауды күтіп отыр. Бұл АҚШ үкіметінің бағалауынан төмен болуы ықтимал.
Байден мен Трамп ФРЖ-ның дербестігі туралы дауласып жатыр
Yahoo Finance жариялаған мақалада АҚШ президентін сайлауға байланысты Федералды резервтік жүйенің мәртебесін егжей-тегжейлі қарастырылған. Джо Байден ФРЖ тәуелсіз орталық банк мәртебесін сақтап қалсын деп талап етеді. Ал Дональд Трамптың кеңесшілері соңғы айларда ФРЖ-ның тәуелсіздігіне нұқсан келтіретін және нарыққа қорқыныш ұялататын бірқатар идеяларды алға тартты.
Бұл ұсыныстар төраға Джером Пауэллді жұмыстан шығарудан бастап, пайыздық мөлшерлеме деңгейін АҚШ президентінің өзі бекітетін реформа жасауға дейінгі идеяларды қамтыды. Сауалнама көрсеткендей, сайлаушылардың көбісі бұл мәселеге немқұрайлы қарайды. Олар тіпті ФРЖ-ның маңызын да түсінбейді. Бірақ Трамп пен оның кеңесшілерінің әңгімесіне Уолл-стрит уайыммен құлақ түріп отыр.
Олардың бірі – Питер Наварро – Трамп жеңіске жетсе Пауэлл ФРЖ-дан кетеді. Дегенмен оның өкілеттік мерзімі 2026 жылға дейін созылады және төрағаны жұмыстан шығару процедурасы едәуір күрделі процесс.
Йеллен: Ресейдегі Еуропалық банктер «өте үлкен тәуекелге» тап болады
АҚШ Қаржы министрі Джанет Йеллен ресейлік бизнеспен жұмыс істейтін әлемдік банктерге қайталама санкция салу, SWIFT жүйесінен ажырату жөнінде сес көрсетті, «Біз Ресейде бизнес жүргізетін банктерге қатаң санкция салудың нұсқаларын қарастырып жатырмыз», – деп хабарлайды Reuters.
Бұл мәлімдеме Италияның солтүстігіндегі G7 қаржы көшбасшыларының кездесуінде айтылды. АҚШ Қаржы министрі нақты қай банктер екенін атаудан бас тартты. Бірақ бұл, ең алдымен, Ресейде бизнесін жалғастырып жатқан Raiffeisen және UniCredit туралы екені түсінікті.
Мамыр айында АҚШ қазынашылығы Raiffeisen-ге оның долларлық қаржы жүйесінен қол үзуі мүмкін екенін ескертті. Оған түрткі болған – банктің ресейлік магнат Олег Дерипаскамен 1,5 миллиард еуроға мәміле жасауы. Осыдан кейін банк кәсіпкермен ынтымақтастықтан бас тартуға мәжбүр болды.