Түркістан облысында инвестициялық жобаларды арттыру мақсатында өндірістік паркте медициналық өнімдер, мектепке арналған жиһаздар мен өнеркәсіптік тоңазытқыштар шығарылады. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Баспасөз қызметі таратқан мәліметтерге қарағанда, өндірістік аймаққа тартылатын жеке инвестиция көлемі 98 млрд теңге жеткен. Өндірістік парк толығымен іске қосылған соң, 2000-нан аса жаңа жұмыс орындары ашылатын болады. Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
«Осы күнге дейін 500 жаңа жұмыс орындары құрылса, екінші кезеңде 25 мың шаршы метр қолданысқа беріліп, инвестиция құны 32,3 млрд теңге құрайтын 12 жоба іске қосылатын болады. Ал үшінші кезеңде құйылғалы отырған инвестиция көлемі 35,1 млрд теңгеге жетіп отыр», – делінген мәліметте.
Баспасөз қызметкерлерінің айтуынша, «BNK Group» ЖШС су үнемдеу технологияларын енгізе отырып, тамшылатып суару жүйелерін шығаратын кәсіпорын құрса, «Aqniet Holding» ЖШС мектепке арналған жиһаздар, ал украиналық «UBC Group» компания өнеркәсіптік тоңазытқыштар шығарады.
2023 жылы Қазақстанда жеңіл өнеркәсіпті және өңдеу өнеркәсібін дамытуға 50 млрд теңге бөлінген. Депутаттар өз сауалында жеңіл өнеркәсіпке қолдау көрсетіп, 3%-дан аспайтын мөлшерде жеңілдікті кредиттер ұсыну мәселесін көтерген. Үкімет басшысы мемлекеттік шаралар қабылданып жатқанын, бұл саланы қолдау жөніндегі тұжырымдамаға сәйкес салаға 2029 жылға дейін қолдау көрсетілетінін айтқан. Қаржыландыру «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы бөлінген.