«Бәйтерек» холдингі І тоқсанда 121 млрд теңге таза пайда тапқан

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
«Бәйтерек» І тоқсан қорытындысын шығарды. Фото: «Бәйтерек» ҰХБ

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі 2024 жылдың бірінші тоқсанында 121 млрд теңге таза пайда тапқан. Алдын ала мәлімет бойынша, бұл өткен жылмен салыстырғанда 9%-ға артық.

Басқарма төрағасының орынбасары Жандос Шайхының айтуынша, холдинг І тоқсанда жалпы сомасы 153,5 млрд теңгеге 14 экспорттық операция мен 13 инвестициялық жобаны қаржыландырған.

«Агроөнеркәсіптік кешенді қолдау бағыты бойынша 178 млрд теңге сомасына 3 461 субъектіге қаржыландыру көрсетілді. Сондай-ақ жалпы сомасы 210,7 млрд теңгеге 36 экспорттаушыға қолдау көрсетілді», – делінген холдинг хабарламасында

Холдингтің еншілес ұйымы – Отбасы банк бірінші тоқсанда 248,6 млрд теңге қарыз берген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35,7%-ға артық.

Холдинг алдағы 2 жылда бизнес-процестерді автоматтандыру және оңтайландыру, жаңа жүйелерді енгізу, клиентке бағдарланған қызметтерді жақсартуға және қағазсыз құжат айналымына көшуге басымдық бермек.

Холдинг 2023 жылдың 9 айында 400,1 млрд теңге пайда тапқан. 2022 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында алған 170,3 млрд пайдасымен салыстырақ, биылғы көрсеткіш 2,3 есе өскен.

Бұған дейін холдинг фермерлердің көктемгі егіс және күзгі жиын-терімін 100 млрд теңгеге қаржыландыратынын хабарлаған.

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» – Қазақстан экономикасын әртараптандыру, инновацияларды қолдау, экспортты дамыту, еңбек өнімділігін ұлғайтуды қолдайтын, оны дамыту жөніндегі міндеттерді іске асыруды қамтамасыз ететін ұлттық институт. Холдинг 2013 жылы Қазақстан Президентінің Жарлығымен құрылды. Оның жалғыз акционері – Қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті.

Сондай-ақ оқыңыз