Ұлттық атом компаниясы еркін ақша ағынының 75 пайызын дивиденд төлеуге жұмсамақ

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Ұлттық атом компаниясы дивиденд көлемін бекітті. Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

«Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы 2023 жылға 314,65 млрд теңге дивиденд төлемек. Бұндай шешім акционерлердің жылдық жалпы жиналысында шығарылған.

Қазақстан қор биржасы сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, бұл қаржы компанияның еркін ақша ағынының 75 %-ын құрайды. Акционерлердің 99 %-ы дивиденд көлемін қолдап дауыс берген.

Ұлттық атом компаниясының 1 қарапайым акциясына (1 жаһандық депозитарлық қолхат 1 жай акцияға тең) 1 213,19 тенге төленеді. Компанияның жарияланған акциялар саны 259 миллионнан асады. Нәтижесінде дивиденд төлеуге 314,65 млрд теңге бағытталады. «Қазатомөнеркәсіптің» дивиденд саясатына сәйкес, бұл қаржы компанияның еркін ақша ағынының 75 %-на тең.

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының былтырғы таза пайдасы 23% артып, 580 млрд теңгені құраған. 2022 жылы ол 472 963 млн теңгені құраған. Таза пайданың өсуіне 2023 жылы операциялық кірістің артуы себеп болған.

Компания 2023 жылы ерекше қаржылық тұрақтылық байқатқан. Бұл оның нарықтағы стратегиялық позициясын және жоғары операциялық тиімділігін айғақтайды. Уран бағасының жылдық өсу қарқыны 20%-дан сәл асса, 2023 жылдың қорытындысы бойынша компания түсімінің өсімі 43% құрады.

Ұлттық компанияның 75% акциясы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына тиесілі. Қалған бағалы қағаздары еркін айналымда: KASE-де 0,67% және Лондон қор биржасында (LSE) 24,33%-ы депозитарлық қолхаттар арқылы айналымда жүр. 

Сондай-ақ оқыңыз