ERG тобына тиесілі «Шұбаркөл көмірдің» таза пайдасы бір жылда 3,5 есе өскен
«Шұбаркөл көмірдің» таза пайдасы бір жылда 3,5 есе өскен. Көмір өндіруші компания 2022 жылы 7,5 млрд теңге таза пайда алса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 25,4 млрд теңгеге жеткен.
Компанияның аудиторлық есебіне сәйкес, былтыр «Шұбаркөл көмірдің» меншікті капиталы 28 есе өскен. 2022 жыл қорытындысында компанияның меншікті капиталы 968,2 млн теңге болса, 2023 жылы 27,3 млрд теңгеге жеткен.
«Шұбаркөл көмірдің» жиынтық активтері бір жыл ішінде 149,8 млрд теңгеден 226,8 млрд теңгеге дейін өскен. Жалпы табысы 48,8 млрд теңгеден 58,5 млрд теңгеге жеткен.
Компанияның жиынтық міндеттемелері 2022 жылы 148,9 млрд теңге болған. 2023 жыл нәтижесінде 199,5 млрд теңгені құрап тұр.
2002 жылы негізі қаланған компания Қарағанды облысындағы Шұбаркөл кен орнының орталық пен шығыс, батыс аумағында көмір мен кокс өндіреді. Кен орнын пайдалану туралы қос келісімшарт 1999 жылы жасалған. Кен орнының орталық және шығыс аумағын игеру туралы келісімшарт мерзімі 2050 жылға дейін болса, батыс аумағын компания 2044 жылға дейін игереді. Компания отандық сектордағы отынға деген қажеттіліктің 25 пайызын өтеп отыр.
Компания акцияларының 48,36 пайызы – «Еуразия энергетикалық корпорациясына», ал 49,88%-ы – SHK Eurasian Holding B.V. ұйымына тиесілі. Бұл компанияны ERG S.a.r.l. бақылайды. Ол Қаржы министрлігіне (40%), Александр Машкевич, Әлижан Ибрагимов (әрқайсысы 20,7%) және Патох Шодиевтің (18,6%) отбасы иелік етеді.
Бұған дейін хабарланғандай, «Шұбаркөл көмір» серіктестігі көмірдің жекелеген түрлерін экспорттауға айрықша құқық алған кәсіпорындар тізіміне енгізілген. Шілдедегі қаулы жобасында тек ашық көмір шахталары мен шахталарына иелік ететін немесе байытумен айналысатындар ғана экспортқа шығару эксклюзив құқығын ала алады деп көрсетілген.
«Шұбаркөл Көмір» жер қойнауын пайдалану келісімшарты міндеттемелерін орындамаған компаниялар қатарынан табылды. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі компанияға осы міндеттемелерді толық орындап, тұрақсыздық айыппұлын төлеу туралы хабарлама жіберген.