Зейнетақы қорындағы салымдары бойынша 31-40 жас аралығындағылар көш бастап тұр
ҚР ҰБ мәліметінше БЖЗҚ салымшыларының ішіндегі 31-40 жас аралығындағы азаматтардың зейнетақы жинағы 5,5 трлн теңгені құрап отыр. Осыған жақын 41-50 жас аралығындағы салымшыларда 5,4 трлн теңгелік зейнетақы қоры қалыптасқан. Ал 81 жастан жоғары қарт салымшылардың қоры – 1,5 млрд теңге. Жас салымшылардың (20 жасқа дейінгі) қоры 35,5 млрд теңгеден асқан.
Халық саны шамалас Түркістан облысы мен Алматы қаласы тұрғындарының қоры әртүрлі
Өңірлер бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы халық санына қарай әрқалай көрініс табады. Бірақ кейбір өңірлерде бұл заңдылық сақталмайды. Мысалы, ҚР Статистика бюросы дерегінше, 2024 жылы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Алматы қаласының халық саны 2,2 млн адамды құраса, Түркістан облысының халық саны 2,1 млн адамнан асқан. Екі өңірдің халқы шамалас болғанымен, алматылықтардың БЖЗҚ-да 3,6 трлн теңгесі бар болса, Түркістан облысы халқының небәрі 709 млрд қаржысы бар. Екі өңірдің зейнетақы қорындағы айырмашылық 5 есеге дейін жетіп отыр.
Зейнетақы төлемдері
1 мамырдағы ақпаратқа сәйкес БЖЗҚ-ның зейнетақы төлемдері 285,4 млрд теңгені құрады және салымшыларының өтінішімен келесідей зейнетақы төлемдеріне қаржы аударды. Олар сақтандыру компанияларына 64,3 млрд теңге, тұрғын үй жағдайын жақсартуға 75,2 млрд теңге, емделуге ақы төлеуге 37,7 млрд теңге аударды.
Инвестициялық табыс
ҰБ 2024 жылдың 1 мамырындағы дерек негізінде зейнетақы қорының 18,9 трлн теңгесі инвестицияланғанын мәлімдейді. БЖЗҚ-ның мәліметінше, 2024 жылдың 1 қаңтарынан 1 мамыр аралығындағы зейнетақы қорының инвестициялық табысы – 531 млрд теңгені құрап отыр. Кірістілік көздерін сенімгерлік инвестициялық басқару компаниялары қамтамасыз етті. 2024 жылдың 4 айында (қаңтар-сәуір) Сентрас Секьюритиз инвестициялық кірістілігі 4,24%-ды құрап отыр. Одан кейінгі 2,87% инвестициялық кірістілікпен қадағалаушы орган – Ұлттық банк қамтамасыз етуде. Сенімгерлік инвестициялық компаниялар Jusan Invest пен BCC Invest 2,14% және 2,03% кірістілікті қалыптастырса, 1,81% мен 1,59% оң динамикалық инвестициялық кірістілік Halyk Finance пен Halyk Global Markets – қос инвестициялық компанияларына тиесілі.
«БЖЗҚ» АҚ зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелінің 66,3%-ы (МБҚ) Мемлекеттік бағалы қағаздарға (ҚР МБҚ, ҚР ҰБ ноталары,Шет мемл. МБҚ, ХҚҰ) тиесілі. Ал, ҚР және шет ел эмитенттерінің корпоративтік облигациялары (квазимемлекеттік сектор, ЕДБ-Екінші деңгейлі банктер, PPN)-дің үлесі 14,06% алуда. БЖЗҚ Инвестициялық декларациясында белгіленген ҚРҰБ сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтерінің валюталық портфелін нысаналы бөлуге сәйкес 2024 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша индекстік инвестициялау шеңберінде шетелдік басқарушы компаниялардың сыртқы басқаруындағы активтер 2 769,3 млрд теңгені (инвестициялық портфельдің 14,63%) құрайды.
БЖЗҚ активтерінің 66,3%-ы Ұлттық валютада. Ал доллардағы үлесі 33,6%-ға жетіп отыр.
Зейнетақы жинағы – 18,9 трлн теңге
2024 жылғы 1 мамырда зейнетақы қорының жиынтық сомасы 18,9 трлн теңгеден асқан. Еске сала кетейік, бізде зейнетақы қорын негізгі үш құраушы бар. Олар: МЗЖ (міндетті зейнетақы жарналары), МКЗЖ (міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары) және ЕЗЖ (ерікті зейнетақы жарналары).
МЗЖ (міндетті зейнетақы жарналары) – жалпы зейнетақы қорының басты құраушыларының бір бөлігі. Себебі МЗЖ жалпы зейнетақы қоры жинағының 96,8%-ын құрап отыр. 2024 жылдың 1 мамырдағы МЗЖ көлемі 18,3 трлн теңгеден асқан. Бір айда МЗЖ көлемі 77 млрд теңгеге өскен.
МКЗЖ (міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары) 1 мамырдағы жағдайға сәйкес, оның көлемі 599 млрд теңгеден асқан. МКЗЖ есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартқа сәйкес, зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмысшылардың пайдасына аударылған қаражат.
Үшінші құраушы ЕЗЖ (ерікті зейнетақы жарналары). БЖЗҚ мәліметінше, 1 мамырдағы ЕСЖ зейнетақы қорының жиынтығы 5,9 млрд теңгені құрап отыр. Еріктілердің қаражаты 2023 жылдың 1 мамырымен салыстырғанда 3,9 млрд теңгеден 5,9 млрд теңгеге дейін өскен. Осылайша ЕСЖ жоғары өсу динамикасын сақтап келеді.
Инвестиция сапасы «ААА»-дан «B-» дейін
Халықаралық рейтинг бойынша «ААА»-дан «BBB-» дейінгі бағалы қағаздар/эмитент рейтингісі бар барынша төмен тәуекел деңгейдегі қаржы құралдары инвестициялық портфельдің 92,88%-ын құрайды. Халықаралық рейтинг бойынша «ВВ+»-дан «В-» дейінгі және ұлттық рейтинг бойынша «kzBB+» рейтингісі бар қаржы құралдары 3,59%-ды құрайды. Рейтингтік бағасы жоқ қаржы құралдарының үлесі – 3,53%.
БЖЗҚ активтері тұрақты өсіп келеді. Инвестициялық табыс оң динамика көрсеткенімен, инфляция оған кедергі келтіруде. Инвестициялық табыстың өсуі инвестициялық базадан бөлек, сыртқы сектор, бағалы қағаздар нарығы, айырбас бағамының тұрақтылығы мен елдегі инфляциялық көрсеткіштерге өз әсерін берері анық. Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің зейнетақы төлемдерінен табыс салығының алынуы күн тәртібінде екенін мәлімдеген. Бұл көлеңкелі экономиканың көлемін азайтуға өз септігін тигізеді.