27 мамыр түнде бес өңірде үсік жүреді – «Қазгидромет»

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
27 мамыр түнде бес өңірде үсік жүреді / shutterstock, бильд-редактор: Денис Андреев

«Қазгидромет» 27 мамырға арналған күн райы болжамын жариялап, 5 өңірде үсік жүруі мүмкін екенін хабарлады.

Ақпаратқа сүйенсек, циклон және онымен байланысты суық атмосфералық ағындар Қазақстанның басым бөлігінде күн райына әсер етеді. Соның салдарынан түнде жауын-шашын, шығыста қатты жаңбыр, қар жауады, елдің солтүстік-шығысында қатты жаңбыр өтеді. Елдің оңтүстігінде ғана антициклонның әсерінен күн ашық, жауын-шашынсыз болады. Республика бойынша екпінді жел соғып, найзағай ойнайды, елдің солтүстігінде бұршақ жауады, орталығында дауыл тұрып, оңтүстік-шығыста түнде тұман түседі.

Түнде Ақмола, Қарағанды облыстарының батысында, Ұлытау, Солтүстік Қазақстан облыстарының солтүстігінде, Түркістан облысының солтүстігінде топырақ бетінде, таулы аудандарында 1-2 градус үсік жүреді.

Қостанай облысының оңтүстігінде, Атырау облысының батысында, оңтүстігінде, Қызылорда облысының шығысында, Батыс Қазақстан облысының батысында, оңтүстік-батысында, Абай облысының орталығында жоғары өрт қауіпі сақталады.

Абай облысының оңтүстігінде, Жетісу облысының шығысында, Түркістан облысының шөлді аудандарында төтенше өрт қауіпі сақталады.

Бұған дейін «Қазгидромет» мамыр айында ауа райы тұрақсыз болады деп болжады. Солтүстік өңірлерде ауа температурасы жоғарылайды. Батыс, оңтүстік, орталық өңірлерде жауын-шашын жиілейді.

«Бір ай бойы ауа райы тұрақсыз болады, жаңбыр жауып, найзағай болады, екпінді жел соғады, кей жерлерде бұршақ түседі. Көп күн бойы жоғары температуралық фон сақталады деп күтілуде: республиканың солтүстік бөлігінде күндіз ауа температурасы +35°C дейін, оңтүстік бөлігінде +40°C дейін ыстық болады», – деген еді «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы Алина Исмагулова ОКҚ алаңында өткен брифингте

Сондай-ақ оқыңыз