Жаңалықтар

Атырау қаласында Жайық өзенінің су деңгейі 6 метрге дейін көтерілді

Жайық өзенінің су деңгейі 6 метрге дейін көтерілді / Коллаж: kursiv.media

Атырау қаласында Жайық өзеніндегі су деңгейі 6 метрге дейін көтерілген. Алайда облыстағы өзге аудандарда су деңгейінің төмендегені байқалады.

«Махамбет және Индер аудандарында Жайық өзенінде су деңгейінің төмендегені байқалады. Алайда Атырау қаласының өзінде таңғы сағат 8:00-ден бастап гидропостарда белгі 2 см-ге артып, 597 см-ге көтерілді», – делінген Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарламасында

Облыстағы жағдайға байланысты төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов жағалауды нығайту жұмыстарын жалғастыруды және қорғаныс құрылыстарының жай-күйіне тәулік бойы мониторинг жүргізуді тапсырған.

Осыған дейін Махамбет ауданының Жалғансай елдімекеніндегі жасанды бөгетті су шайып кеткеннен кейін, арнайы техника 450 мыңнан астам текше метр су сорған.

Қазір Атырау облысында Қызылорда, Түркістан, Алматы, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары менШымкент қаласының құтқарушылары құтқару жұмыстарын жалғастырып жатыр.

15 мамырда Ресей Федерациясы аумағынан су келген. Атырау қаласында Жайық өзенінің деңгейі – 553 см, Атырау облысының Махамбет ауылында – 988 см. Жайық өзенінің деңгейі одан әрі көтеріліп келеді.