Қазақстанда банк және МҚҰ активтерін онлайн сату талаптары бекітілді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Банк
Банк активтерін сату жөніндегі электрондық сауда алаңының жұмыс істеу қағидасы бекітілді / Фото: shutterstock

Ашық НҚА порталында «Банк және микроқаржы активтерін сату жөніндегі электрондық сауда алаңының ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету қағидаларын бекіту туралы» қаулы жобасы жарияланды.

Құжатты ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әзірлеген. Ол 7 маусымға дейін жария талқыға шығарылған.

Жоба кейбір заңнамалық актілерге несие берудегі тәуекелдерді азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеу және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңды іске асыру мақсатында дайындалған.

Құжатқа сәйкес, электрондық сауда алаңындағы ақпаратты өңдеу, сақтау және беру, көшірме жасау кезінде қорғау, электрондық сауда алаңындағы ақпаратты шифрлауды қамтиды.

Сондай-ақ қатысушыны сәйкестендіру және аутентификация банктерге және микроқаржы ұйымдарына қолданылған бастапқы тіркеу кезінде не электрондық цифрлық қолтаңбаны, не биометриялық сәйкестендіруді міндетті түрде қолдана отырып, екі факторлы аутентификацияны қолдану арқылы жүзеге асырылуы тиіс екендігі атап өтілді.

«Жоба қабылданған жағдайда теріс әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және өзге де салдарға әкеп соқпайды, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге теріс ықпалын тигізбейді», – деп жазылған құжатта.

Еске сала кетсек, электрондық тәсілмен, онлайн микрокредиттер беру қағидалары өзгерді.

Енгізілген өзгеріске сәйкес, клиентті тіркеу/авторизациялау рәсімін жеңілдету мақсатында мобильді қосымшада микрокредит алу тәсілін, сондай-ақ микроқаржы ұйымы қабылдағаннан кейін клиенттің банктік IBAN шотының және төлем карточкасының деректемелерін көрсету ұсынылады. Содан кейін ғана микрокредит беру туралы оң шешім шығарылады.

Сонымен қатар қазақстандықтар eGov.kz арқылы несие рәсімдеуден ерікті түрде бас тарта алады.

Сондай-ақ оқыңыз