Су тасқынынан Қазақстанға келген экономикалық шығынды есептеу бойынша үкіметке Дүниежүзілік банк көмектесетін болады. Қазақстан билігі халықаралық қаржы ұйымына осындай өтінішпен жүгінген. Бұл туралы Дүниежүзілік банктің Орта Азия бойынша аймақтық директоры Татьяна Прескурякова мәлімдеді.
«Дүниежүзілік банктің шығынды анықтау бойынша арнайы бағдарламасы бар. Банкке қазірдің өзінде Қазақстан үкіметі тарапынан өтінім түсті. Сондықтан қазіргі таңда біз су тасқынының жалпы экономикалық шығынын есептеу бойынша техникалық көмек көрсету мен талдау жүргізуге жұмыс жүргізіп жатырмыз. Осы жұмыс аяқталған соң, біз Қазақстан Үкіметімен бірге осы өңірлерді оңалту бойынша жұмыс жүргізе бастаймыз», – деді Татьяна Прескурякова.
Сонымен қатар Дүниежүзілік банк Қазақстандағы әл ауқаты ең төмен төрт облысты цифрландыру бойынша жобаны мақұлдаған. Оның құны – 100 млн доллар.
«Бұл жобаға екі ай бұрын ғана 100 млн доллар бөлінді. Оны жақын арада күшіне енді деп жариялайтын боламыз және инвестиция салуды бастаймыз. Қазақстанға қатысты идея көп, ірі инфрақұрылымдық мақсаттарымыз бар. Бізге Қарағанды-Жезқазған жолын салу туралы өтініш түсті. Біз қазір осы жобаны әзірлеп жатырмыз. Сонымен қатар темір жол, су секілді көптеген бағыт бойынша келіссөздер жүргізіп жатырмыз», – деді Дүниежүзілік банк өкілі.
Жалпы Қазақстан үкіметі мен азаматтық қоғамы Дүниежүзілік банкпен алдағы 5 жылғы жобалар бойынша стратегияны талқылап жатыр. Осы стратегияның аясында тараптар қай жобалар бойынша ынтымақтастық орната алатынын анықтайтын болады.
Арал теңізінің кеуіп қалған солтүстік бөлігін оңалту бойынша Дүниежүзілік банктің қатысуымен ірі жоба жүзеге асырылып келеді. Қазір бұл бағдарлама бойынша екінші кезеңін жүзеге асыру мақсатында шаралар жүзеге асырылуда.
Еске сала кетейік, экологтардың дерегінше, Арал теңізінің құрғаған қайраңының жалпы аумағы 2 млн гектарды құрайды. Ал Солтүстік Аралды қалпына келтіру мен құтқару жобасы халықаралық донорлардың назарында.
Дүниежүзілік банктің Орта Азия бойынша аймақтық директорының дерегінше, жалпы Орта Азия бойынша Дүниежүзілік банк климаттың өзгеруіне қарсы жалпы сомасы 13 млрд доллар болатын 88 жобаны жүзеге асыруда. Олардың арасында өңірдегі су ресурстары бойынша ынтымақтастыққа бағытталған жобалар да бар. Қазіргі таңда Дүниежүзілік банк Қазақстанмен жаңа стратегияны әзірлеп жатыр. Ол жұмыстар алдағы жылы аяқталады.
Сондай-ақ Дүниежүзілік банк алты ай бұрын ғана Қырғызстанда алдағы 5 жылға стратегияны бекітті. Оған сәйкес, халықаралық қаржы ұйымы Бішкекпен 3 бағыт бойынша жұмыс істейтін болады. Ол – Ауылшаруашылығы, су ресурстары және энергетика.
Татьяна Прескурякованы айтуынша, су саласы бойынша Қырғызстанның барлық аймағында тұрғындарға таза ауызсу жеткізу бойынша жоба қолға алынған. Ал қырғыз үкіметі 2030 жылға дейін тұрғындарын толықтай ауызсумен қамтуды көздеп отыр.
Еске салайық, 2024 жылы наурыз айының ортасынан бастап Қазақстанның өңірлері су тасқынынан зардап шекті. Елде мұндай алапат су тасқыны соңғы 80 жылда болмаған.