Қазақстан азаматтығын алу тәртібі қатаңдайды – ІІМ бұйрығы талқылауға шығарылды
Қазақстан азаматтығын алу тәртібі өзгереді. Бұл жайлы «Ашық НҚА» порталына шығарылған құжатта жазылған.
Құжатта мемлекеттік тіл мен Қазақстан тарихын білмейтін азаматтардың өтініші қабылданбайтыны жазылған. Олар қазақ тілін қарапайым деңгейде білу керек.
«Қарапайым деңгейде мемлекеттік тілді, Қазақстан Республикасы Конституциясының негіздерін, сондай-ақ ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган айқындайтын көлемде Қазақстан тарихын білмесе, оның өтінішхаты қабылданбайды», – делінген құжатта.
Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау тәртібіне сәйкес азаматтық алғысы келетіндер арнайы құжаттармен бірге мемлекеттік тілді қарапайым деңгейде, Қазақстан Республикасы Конституциясының негіздерін және Қазақстан тарихын білу туралы сертификат тапсыруы керек болады.
Құжатта Қазақстан Республикасының азаматтығын алу немесе азаматтықты қалпына келтіру туралы өтінішхат берген адамның қандай жағдайда өтініші қабылданбайтыны да түсіндірілген.
Егер азаматтық алуға ниетті адам:
- Адамзатқа қарсы халықаралық құқықта көзделген қылмыс жасаса, Қазақстан Республикасының егемендiгi мен тәуелсiздiгiне әдейi қарсы шықса;
- Қазақстан Республикасы аумағының бiрлiгi мен тұтастығын бұзуға шақырса;
- Ұлттық қауiпсiздiкке, халықтың денсаулығына нұқсан келтiретiн құқыққа қарсы әрекетті жүзеге асырса;
- Ұлтаралық, конфессияаралық және дiни араздықты қоздыратын болса, Қазақстан Республикасы мемлекеттiк тiлiнiң қолданылуына қарсы әрекет жасаса;
- Террористік немесе экстремистік ұйымдарға қатыстылығы болса немесе террористік немесе экстремистік қылмыстар үшін сотталған болса;
- Халықаралық іздестіруде болса, соттың заңды күшіне енген үкімі бойынша жазасын өтеп жүрсе не сот оның іс-әрекеттерін қылмыстардың қайталануы немесе қылмыстардың қауіпті қайталануы деп таныса;
- Басқа мемлекеттiң (мемлекеттердің) азаматы болса;
- Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау немесе Қазақстан Республикасының азаматтығын қалпына келтіру туралы өтінішхатпен жүгінген кезде өзі туралы жалған мәліметтер хабарласа не Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімдерде дәлелді себепсіз қажетті құжаттарды ұсынбаса, оның өтініші қаралмайды.
Сонымен бірге егер қандай да бір азамат Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейін басқа мемлекеттің азаматтығын растайтын құжаттарды пайдаланса, ол Қазақстан азаматтығын жоғалтады.
Аталмыш бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
Еске сала кетсек, осыған дейін ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев мемлекеттік тілді қарапайым деңгейде, еліміздің тарихы мен Конституциясының негіздерін білмеген жағдайда азаматтық берілмейтінін хабарлған болатын. Ол бұл орайда азаматтық алуға қатысты шет мемлекеттердің тәжірибесінен үлгі алынғанын атап өткен.