Жалған балабақша ашып, 134 млн теңгені жымқырған: Алматы облысы білім басқармасының лауазымды тұлғалары сотталды

Жарияланды (жаңартылды )
Алматы білім
Алматы облысы білім басқармасының 6 қызметкеріне қатысты сот үкімі шықты Фото: kursiv.media

Алматы облысының білім саласында істейтін қызметкерлер жалған шарттар жасап, бюджет қаражатын жымқырғаны үшін сотталған. Бұл жайлы Алматы облысы соттары телеграм арнасында жазылған.

«2024 жылғы 24 мамырда Алматы облысы Іле аудандық сотында сегіз сотталушыға қатысты аса ірі мөлшердегі алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды»,- делінген хабарламада.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, олардың алтауы «Алматы облысының білім басқармасы» Мемлекеттік мекемесінің лауазымды тұлғалары.

Мәселенің мән жайы

Сотта 2022 жылғы желтоқсанда сотталушылар алдын ала сөз байласа отырып, балабақшаларды тіркеу туралы жалған құжаттар ұсынып, оларды мектепке дейінгі ұйымдардың тізбесіне енгізген.

Ал 2023 жылдың қаңтарынан бастап, Іле аудандық білім бөлімі бұл балабақшалармен мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша қызметтер көрсету жөнінде шарт жасаған. Солайша жалған мекемелерге мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бойынша қызмет көрсеткені үшін ай сайын мемлекет есебінен қаражат түсіп отырған.

Нәтижесінде Іле аудандық білім бөліміне 134 млн теңгеден астам сомаға аса ірі мөлшерде залал келген.

Сот қандай шешім шығарды?

Жаза тағайындау кезінде сот қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайларды ескерген. Атап айтқанда, сотталушылар шын ниетпен өкінетінін жеткізіп, келтірілген залалды ерікті түрде өтеген. Сондай-ақ екі сотталушыда жас балалардың болуын сот жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныған.

Сот үкімімен барлық сегіз сотталушы ҚК-нің 190-бабы 3,4-бөліктері 1,2-тармақтарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған. Нәтижесінде, екі сотталушыға – 5 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза, төрт сотталушыға – 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы, екі сотталушыға – 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.

Сонымен бірге екі сотталушының жазасы балаларының кішкентай болуына байланысты 5 жылға кейін шегерілген. Сот үкімі заңды күшіне енбеген.

Еске сала кетсек, осыдан бір жыл бұрын Алматы облыстық білім басқармасының бұрынғы басшысы 10 жылға сотталған болатын. Ол мемлекеттік сатып алу шарттарынжасағанда кәсіпкермен алдын ала сөз байласқан. Солайша мемлекетке 123 млн теңге көлемінде залал келген.

2023 жылдың жазында Ақмола облысының білім беру саласында бухгалтерлері аса ірі мөлшерде ақша ұрлады деген күдікке ілінді. Ақпаратқа сәйкес, Бұланды балабақшасының бухгалтері кәсіпкерлермен ойдан шығарылған мәмілелер жасай отырып, туыстарының шоттарына ақша аударған. Ол осы тәсілмен 83 млн теңге жымқырған. 

Сондай-ақ оқыңыз