Бишімбаевты ұстаған екі полиция қызметкері жауапқа тартылды – ІІМ

Жарияланды
Бишімбаевты
Фото: коллаж kursiv.media (Аскар Ахметуллин және gov.kz), бильд-редактор: Денис Андреев

Қуандық Бишімбаевты қылмыс орнында ұстаған полиция қызметкерлері жауапқа тартылды. Бұл ақпаратты «Курсивке» Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі растады.

Нақтырақ айтсақ, Астана қалалық патрульдік полиция полкінің инспекторына қызметтік тәртіпті бұзғаны үшін сөгіс жарияланған. Ол Бишімбаевты ұстаған кезде, әңгіме барысында: «Ол өзі мазаңды алған шығар?» деп сұраған. Осы әңгіменің барлығы видео-тіркеушіге түсіп қалған. Сотта бұл видеодағы әңгіме көпшілік назарына ұсынылған болатын.

Осыдан кейін Астана қаласының полиция департаменті бұл факті бойынша қызметтік тексеру бастаған. Сол тексеріс жақында аяқталып, қызмет тәртібін бұзған ІІМ қызметкеріне қатаң сөгіс жариялаған.

Сонымен бірге қоғамдық орынды ластағаны үшін тағы бір қызметкер сөгіс алған. Ол Бишімбаевпен көшеде тұрғанда жерге түкірген. Оның да бұл әрекеті видео-тіркеушіге жазылып, сотта көпшілікке жария болды.

«ҚР «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңының 19, 56-57-баптарына, сондай-ақ қызметтік тәртіпті бұзғаны үшін тәртіптік комиссияның шешіміне сәйкес Патрульдік полиция полкі қызметінің инспекторына сөгіс жарияланды. Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 434-2-бабының талаптарын бұзғаны үшін (Қоғамдық орындарды ластау) Астана қаласы ІІБ Есіл ауданының жедел уәкіліне қатаң сөгіс жарияланды», – делінген баспасөз хабарламасында.

Аталған заңның бұл баптарында өзiнiң қызметтiк мiндеттерiн орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшiн қызметкерлер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қылмыстық, әкімшілік, азаматтық-құқықтық, тәртiптiк жауапқа тартылатыны жазылған.

Солайша ІІМ қызметкерлеріне бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 18 460 теңге айыппұл салынған.

Еске сала кетсек, 13 мамырда өзінің азаматтық некедегі әйелін өлтірді деген күдікпен ұсталып, сот ісі ашық жүргізілген бұрынғы Ұлттық экономика мининстрі Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты сот үкімі шықты.

Сот Үкіміне сәйкес, экс-министр Бишімбаев Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі 1-тармағы (қинау) бойынша кінәлі деп танылды. Бұл бап бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Ол сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы (аса қатыгездікпен адам өлтіру) бойынша кінәлі деп танылды. Бұл бап бойынша 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Осылайша, сот Үкімімен Бишімбаев түпкілікті 24 жылға бас бостандығынан айырылды. Бишімбаев жасаған қылмыс қауіпті қылмыстың қайталануы деп танылды.

Үкімге сәйкес, ол қауіпсіздігі қатаң деңгейдегі қылмыстық-түзету мекемеде жазасын өтеуі тиіс. Бишімбаевтың 2023 жылы 9 қарашадан бері тергеу изоляторында қамауда отырған әр күні 1 күн болып есептеледі. Яғни оның жалпы жазасын өтеу мерзімі 23 жыл 6 айға созылады.

Бишімбаевтың туысы, Байжанов Бақытжан Әмірханұлы аса қауіпті қылмысты жасырғаны үшін Қылмыстық кодекстің 432-бабында қарастырылған айыпқа сәйкес, кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығын айыру туралы сот үкімі шықты. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде өтейтін болады. Оның қамауға алынған 11 қарашадан бастап тергеу изоляторында өткізген әр күні 1,5 күн болып есептеледі.

Сонымен қатар Бишімбаевтан сот экспертизасының шығындары үшін мемлекетке 2 млн теңге өндіріп алу да қарастырылған.

Сондай-ақ оқыңыз