Қандас мәртебесін алатындардың ұлтын айқындау үшін арнайы алгоритм әзірленеді

Жарияланды
қандас
Қандас мәртебесін алатындардың ұлтына қатысты күмән туындаса, геномдық сараптама тапсырады / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қандас мәртебесін алуға ниетті адамдардың ұлты қазақ екенін айқындау үшін арнайы қағидалар әзірлейді. Бұл жайлы «Ашық НҚА» порталына орналастырылған құжатта жазылған.

«Жеке басын куәландыратын құжаттарда, сондай-ақ басқа да құжаттарда үміткерлердің ұлтын растайтын тиісті жазба болмаған жағдайда қандас мәртебесін және жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға үміткер адамдардың ұлты қазақ екенін айқындау қағидаларын әзірлеу және бекіту»,– делінген құжатта.

Бұл құжатқа сәйкес, қандас мәртебесін беретін кезде қандай да бір күмән тудыратын жағдайлар болса, ол азаматтың ұлтын анықтау арнайы қағидалар бойынша жүзеге асырылады.

Айта кетейік, 2024 жылдың қаңтарында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев елге келген қазақтардың «Қандас» екенін білу үшін жергілікті органның жанынан комиссия құрылып, геномдық сараптама алынатынын айтқан болатын.

«Жергілікті атқарушы органның жанынан комиссия құрылады. Оның құрамына жұмыспен қамту, білім беру, ішкі саясат және ішкі істер басқармаларының, ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдері кіреді. Одан бөлек, ұлтты айқындау саласындағы түрлі профессорлар мен сарапшылар қатысады», – деді Ертаев. 

Ол сонымен бірге бұл комиссияның жұмыс функциялары айқындалып, азаматтармен сұхбаттасу тәртібі бекітілетінін мәлімдеген еді. Яғни өз ұлтын растай алмайтын адамға қандай сұрақтар қоюға болатыны туралы ережелер әзірленетіні айтылды. Сондай-ақ комиссияда қандай да бір күмән тудыратын жағдай болса, геномдық сараптама жүргізілуі мүмкін. Оның көмегімен азаматтың қазақ ұлтына қатысы бар-жоғы анықталады.

Еске сала кетейік, атажұртқа оралған азаматтарға «Қандас» мәртебесін беру тәртібі жеңілдейді. Олардың өтінімдері Қазақстан елшіліктері арқылы «бір терезе» қағидаты бойынша қабылданады.

«Бір терезе» қағидаты бүгінде пилоттық режимде жұмыс істей бастады. Бұл елімізге кіру, жұмыс орны, тұрғын үй беру мәселелердің жылдам шешілуіне септеседі. Сонымен бірге шетелдегі этникалық қазақтар республика аумағына кірмей-ақ қандас мәртебесін алуға мүмкіндік алады. 

Күшіне енген бұл жаңа тәртіпке Мемлекет басшысы 2023 жылдың 19 сәуірінде қол қойған. Қазіргі уақытта этникалық қазақтардан өтініш қабылдау бірқатар елде пилоттық режимде іске асырылып жатыр. Олар: Түрікменстан, Моңғолия, Қытай, Иран, Ауғанстан. Ал кейін өтінім қабылдау визасыз режимі бар елдердің елшіліктерінде де қабылдана бастайды.

Сондай-ақ оқыңыз